Астана/2018 жылғы 7 мамыр. Фото: aqorda.kz
Биыл елімізде 7 мамыр - Отан қорғаушы және 9 мамыр - Жеңіс күні мейрамына орай әскери шеру өткізу жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында және басқа да міндеттерді шешу қажеттігіне байланысты биыл елімізде әскери шеру өтпейді. Жалпы алғанда, қазіргі уақыттағы маңызды басымдық - Қазақстан Қарулы күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен ұтқырлығын талап етілетін деңгейде ұстап тұру», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ведомство жоспарланған әскери-патриоттық іс-шаралар өтетіні туралы мәлімдеді.
«Аталған шаралар ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді құрметтеу, соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу және олардың ерлігін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатын көздейді», - дейді Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілдері.
7 және 9 мамыр мерекелеріне арналған шаралар туралы ақпарат жуырда министрліктің ресми сайтында жарияланбақ.