Биыл 600 миллиард теңгеден аса заңсыз иеленген мүлік активтер мен ақшалай қаражаттар мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство мәліметінше, олардың ішіне қымбат жылжымайтын мүлік, сәнді автомобильдер, бағалы металдар мен зергерлік бұйымдар, сондай-ақ қолма-қол ақша кіреді.
"Бұдан бөлек, елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен қаражат анықталды және олар жақын арада мемлекетке қайтарылады.
Президенттің тапсырмасы бойынша қайтарылған барлық активтер мектеп құрылысына бағытталатын болады" - делінген хабарламада.
Жарияланған видеоға қарағанда, мүліктің негізгі бөлігі Алматыда орналасқан, онда бес бизнес орталығы, үш сауда орталығы және екі ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылған.
Сондай-ақ, Мәскеудегі бес пәтер, Дубайдағы екі вилла, Стамбулдағы пәтер және Франциядағы Антиб курорт қалашығындағы үй мемлекет меншігіне қайтарылған.