03 қар, 2020 сағат 15:31

Биыл 4,8 мың көпбалалы отбасы пәтермен қамтылады - Мархабат Жайымбетов

Биыл 4 835 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылы жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген кредит беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Көпбалалы, толық емес отбасылардың және мүгедек балалары бар отбасылардың осы бағдарлама бойынша бастапқы және қайталама нарықтардан тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі бар. 2019 жылы 5 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Осы жылы 49,1 млрд теңге бөлінді және 4900 отбасы қолдаумен қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі кезде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» 4769 өтініш түсіп, оның ішінде 4074 отбасына қарыз берілді», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салынады.

«Жыл сайын жалға берілетін 3 700 пәтер салуға және сатып алуға 32,8 млрд теңге бөлу көзделген. Биыл 4 222 халықтың әлеуметтік жағынан осал тобын тұрғын үймен қамтамасыз етеміз», - деді Мархабат Жайымбетов.