Жоғарғы сот өкілдері экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысты алқабилерді іріктеу қалай жүретінін түсіндірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Massaget.kz басылымына сілтеме жасап.
"Алдын ала тыңдаудан кейін сот алқабилерді таңдауға кіріседі. Отырыста 12 адамнан тұратын (10 негізгі, 2 қосалқы, егер кейбіреулері ауырып қалса немесе күтпеген жағдайлар туындаса) алқабилер алқасы қалыптастырылады.
Осы мақсатта соттың сұрауы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде қалыптастырылған бастапқы тізімдегі 300-ге жуық адам сотқа шақырылды", - дейді Жоғарғы соттың коммуникация бөлімінің меңгерушісі Перизат Сәдуақас.
Ақпараттық жүйе заң талаптарына сәйкес келетін (25 жастан 65 жасқа дейін және т.б.) азаматтарды тізімге кездейсоқ түрде енгізеді.
"Айыптаушы және қорғаушы тараптың қатысуымен өтетін отырысқа келген азаматтардың арасынан қандайда бір себептермен алқабилердің міндетін атқара алмайтын (соттылығы алынбаған немесе соттылығы бар, процесске қатысушылармен туыстық қарым-қатынасының болуы, психикалық, мінез-құлық бұзылыстарымен байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында тіркеуде тұрғандар, сот ісі тілін білмейтін тұлғалар және т.б.) тұлғаларды тексеру жүргізіледі.
Қосалқы алқабилер де сот отырысына қатысуға міндетті, бірақ кеңесу бөлмесіне 10 негізгі алқаби мен 1 судья барады. Алқабилер алқасына қандай да бір жолмен ықпал етуге болмайды.
Алқабиге соттағы өз міндеттерін атқару кезеңінде судьялардың тәуелсіздігінің кепілдіктері беріледі", - дейді Перизат Сәдуақас.
Сондай-ақ алқабилерді іріктеу рәсімі жабық сот отырысында өтуі заң жүзінде бекітілген. Алқабилер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстары мемлекеттің қорғауында болады.