Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңгелік әлеуметтік төлемге байланысты ел ішінде туындап жатқан сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«42 500 теңгелік төлемнің өзі жайында түсіндіре кетейін. 42500 теңге ай сайын әрі бір рет төленеді. Мәселен, төтенше жағдай режимі тағы бір айға (15 мамырға дейін) ұзартылса, 42 500 теңге тағайындалған адамдар оны 15 сәуірден кейін де ала береді. Сонымен қатар сізге қайтадан өтініш берудің қажеті жоқ. Біз төлемді автоматты түрде ұзартамыз», - деп жазды министр Facebook парақшасында.
Министрдің түсіндіруінше бұл төлем ай сайын толық көлемде төленеді. Яғни, мысалы әлеуметтік төлем 14 сәуірде тағайындалса (яғни, төтенше жағдайдың бірінші айының аяқталуына бір күн қалса да), онда ол төлем толық көлемде беріледі.
«Жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы және басқа аударымдар 42 500 теңгеден ұсталмайды. Сондай-ақ банктер мен ұйымдарға осы сомадан қарыз өндіруге тыйым салынады (несиелер, коммуналдық төлемдер және т.б. үшін). БЖЗҚ-дағы зейнетақы жарналарына 42 500-ден ұсталмағанына қарамастан, бұл айлар болашақта базалық және бірлескен зейнетақы тағайындау кезіндегі еңбек өтілі ретінде ескеріледі. Өтініш беруші осы айлардағы табысты өзіне ыңғайлы кез-келген айлармен алмастыра алады. 42 500 теңге төлемі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде кірістерге қосылмайды», - дейді ол.
Біржан Нұрымбетов сонымен қатар зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақы алушылар үшін тиісті төлем ай сайын жүргізілетінін еске салды.
«Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы ай сайын төленеді. Әрі қарай оларға 1 сәуірден бастап мөлшерін индексациялау арқылы толық ақы төленеді. Елде 4 миллионнан астам адам жылына 3,5 триллион теңгені құрайтын зейнетақы мен жәрдемақы алып отыр. Осылайша аталмыш санат үшін 42 500 теңге берілмейді. Бірақ егер зейнеткер немесе мүгедек төтенше жағдай жариялағанға дейін мемлекеттік жәрдемақы алып жүрсе, яғни 16 наурызға дейін ол ресми түрде жұмыс істеген болса (жұмыскер, жеке кәсіпкер немесе БЖТ төлеушісі болған жағдайда), онда ол 42 500 теңгеге өтініш білдіре алады. Әйтсе де егер ол төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты осы кірісін жоғалтқанын көрсетуі тиіс», - дейді министр.
Ал егер зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақыны алушы төтенше жағдай алдында ресми түрде жұмыс істемесе, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, яғни 16 наурыздан кейін оларға 42 500 теңге бөлінбейді. Оларға БЖТ төлеп, өтініш беру қажеті жоқ.
«Заңгерлер төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген зейнеткерлерің кірісін жоғалтуына байланысты 42 500 теңге ала алмайтындығын еске салып жатыр. Өйткені заң бойынша зейнеткерлер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, оған 42,500 төленетін) әлеуметтік жарналар төлеуден босатылады. Біз мұны білеміз. Бұл мәселені түсіндіре кетейін. Азамат БЖТ төлеген кезде ол сома (2651 теңге) төрт төлемге бөлінеді (жеке табыс салығы, бюджетке төленетін әлеуметтік аударымдар, БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары және медициналық сақтандыруға). Заңға сәйкес, зейнеткерлер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік жарналарды төлеуден босатылғандықтан (БЖЗҚ мен ҚҚАЖ төлемдерінен де), БЖТ-ның бар сомасы бюджетке - жеке табыс салығы ретінде түседі. Бірақ зейнеткерлер үшін біз ерекше әлеуметтік жағдай жасаа, олар төлеген БЖТ-ны оның ресми жұмысы ретінде мойындадық», - дейді министр.