Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев судья Ибрагим Әлкеновтің процесті жүргізуіне тағы да қарсылық білдірді. Дегенмен ол талабы мақұлданбады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қорғаушының айтуынша, бұл жолы қарсылық білдіруіне судьяның зардап шегуші тараптың өкілін істен шеттету туралы өтініштен бас тартқаны себеп болған.
Қорғаушы Ержан Біртанның сөзіне қарағанда, Асқар Ақбаев – Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен Ericsson Nicola Tesla компаниясының арасындағы келісімшартқа қол қойған адамның бірі.
Сондықтан зардап шегуші тараптың өкілі ретінде емес, куәгер ретінде ғана процеске қатыса алады.
Қорғаушы тараптың өтінішін қараған судья бұл талапты қанағаттандырмай тастады.
«Судья Әлкеновті бұл істі қараудан шеттетуге негіз болатын себеп көрмедім. Өйткені бұған дейін де қорғаушы тарап дәл осындай талап қойған болатын. Ақбаевтан куәгер ретінде жауап алып, зардап шегуші тараптың өкілі ретінде қатыстырмау туралы өтініш түсірген. Сот бұл жайт судья Әлкеновті істі қараудан шеттетуге негіз бола алмайды деп есептейді», - деп түсіндірді №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Сабыржан Кәрімов.
Бүгін Біртанов ісіне қатысы бар ағылшын тіліндегі құжаттарды орысшаға аударатын маман таңдалуы керек болған.
Адвокат Нұрлан Бейсекеев судья Ибрагим Әлкеновтің аудармашыға кәсіби біліктілігіне қатысты сұрақ қоюына тыйым салғанына да наразылық білдірді.
Айтуынша, судьяның адвокаттарға іске қатысты құжаттарды ағылшын тілінен орысшаға аударған маманның біліктілігіне қатысты сұрақ қоюына тыйым салуы қылмыстық-процессуалдық заңнамаға қайшы.
Өткен отырыста аудармашы экс-министр мен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевтің адвокаттары аудармашыны сұрақтың астына алып, ол іске қатысудан бас тартқан болатын.
Осыны алға тартқан судья адвокаттардың аудармашыға кәсіби біліктілігі туралы сұрақ қоюына тыйым салған.
Еске салсақ, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.
Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке Ericsson Nicola Tesla компаниясының қызметін пайдалану кезінде «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңгенің шығыны келтірді деген айып тағылып отыр.
Ал биыл 12 мамырда сот Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық істі тоқтатудан бас тартты.