ЖРВИ белгілері болған жағдайда емханаға бармай, жедел жәрдем шақырту керек. Бұл туралы елдегі коронавирус жағдайы жайлы онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мейірім» емханасындағы жағдайға келсек, науқас өз еркімен дәрігер көмегіне жүгінген. Емханадағы медициналық қызметкер онымен байланыста болған, сол себепті ЖРВИ белгілері болған жағдайда емханаға бармай, жедел жәрдем шақыртуды өтінеміз. Үш ай бұрын емханаға баруға кеңес берсек, қазір елордадағы жағдайға байланысты олай кеңес бере алмаймыз. Осы мәселеге байланысты екі ай бойы семинар өткізіп жатырмыз, бірақ өкінішке қарай кей медициналық ұйымдар бұған назар аудармай, қызметкерлерінің басын қатерге тігіп қояды. Бұл жағдай оларға сабақ болуы керек» , - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Ол онкологиялық орталықта вирус жұқтырған жағдайға қатысты да пікір білдірді.
«Бұл жерде де вирус науқастан жұқпаған. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, ол мамандандырылған емес, қарапайым көпсалалы аурухана болған. Персонал арасында вирус жылдам жұққан. Қазіргі уақытта емхана жабылды. Біздің мақсат – ең алдымен ол жерде жатқан науқастарды емдеп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол жердегі барлық қызметшіні тексеріп, коронавирус анықталғандары ауруханаға жатқызылды. Енді ол емхана толық жабылып, толық дезинфекция жасалады», - дейді ол.