3 сәуірде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда бір науқастың жағдайы - өте ауыр, жан сақтау бөлімінде жатыр деп мәлімдеді.
"Қазіргі кезде 11 науқастың жағдайы - ауыр, біреуінің жағдайы - өте ауыр. 68 адамның халі орташа ауыр. 341 адамның жағдайы жақсы, ауру белгілері байқалып отырған жоқ" деді Біртанов.
Оның айтуынша, Қазақстан бойынша 28 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан. Эпидемиологиялық зерттеулер басталған.
Қазақстанда соңғы дерек бойынша барлығы 453 адамнан коронавирус табылған. 29 адам жазылған. Үш адам қайтыс болған.
Коронавирус жұқтырған адамдармен байланысты болған 13 467 адам анықталған.
"Олардың 442-сі кетіп қалған. Қалған 13 025 адам табылып, оқшауланған. 4340 адам стационарлық карантинде жатыр. 8381 адам үй карантинінде. Осы бағытта жұмыс жалғасып жатыр" деді Біртанов.
Оның айтуынша, Алматы мен Нұр-Сұлтанда енгізілген қатаң карантиндік шаралардың арқасында коронавирустың таралу деңгейі тұрақтанған. Вирус жұқтырғандар саны күніне 30 пайыздан аспайды.
Біртанов қазір аудан мен ауылдарда вирус таралып жатқандықтан шалғай елді мекендерде де карантиндік шараларды күшейту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, кейбір елді мекендерде "коронавирус бізге келмейді деп ойлайтын" адамдар бар.