Жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесі 2020 жылғы 23 пайыздан 2025 жылы 30 пайызға дейін артады. Бұл туралы Мәжілісте «Nur Otan» партиясының сайлау алдындағы міндеттемелерін іске асыруға арналған талқылау кезінде Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауды күшейту және оларды экономикалық өмірге араластыру бойынша шаралар іске асырылады. Жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесі 2020 жылғы 23 пайыздан 2025 жылы 30 пайызға дейін артады», - деді А. Мамин.
Оның айтуынша, осы жылы мүгедектігі бар адамдардың 80 пайызы қажетті техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етіледі, ал 2025 жылы барлық мұқтаж адамдар толығымен қамтылады.
«Үнемі күтімді қажет ететін және жеке көмекшінің қызметтерін пайдаланбайтын бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтардың барлығына 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде қосымша әлеуметтік жәрдемақы берілетін болады. 5 жылдың ішінде бұл мақсаттарға 73,2 млрд теңге бөлінеді», - деді Премьер-Министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2021 жылы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, психологиялық және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша 15 орталық ашылады.