«Қазақстандық вакцинаға ғылыми баға клиникалық зерттеулердің үшінші фазасы аяқталғаннан кейін беріледі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта тек біздің ел емес, бүкіл дүние жүзіндегі вакциналар осы стратегиямен жүріп келе жатыр. Енді үшінші фазаның аяқталуын күтіп, негізгі нәтижені күтуіміз керек. Қазіргі уақытта аралық көрсеткіштер жаман емес», - деп атап өтті Күнсұлу Закарья.
Оның айтуынша, отандық өнімге, мұғалімдер мен дәрігерлерге қолдау білдіруіміз керек.
«2020 жылдың 20 наурызынан бастап біз үш ауысымдық жұмыспен тоқтаусыз, демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз. БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары қазақстандық ғалымдар туралы не жазбай жатыр? Сіздерден бір ғана өтініш – бізге тым болмағанда моральдық тұрғыда қолдау көрсетіңіздер. Бұл вакцина – қазақстандық ғалымдар шығарып жатқан отандық өнім. Бұл жұмысты жұмыла атқаруымыз керек. Үкімет көмектесіп, қаншама қаржы бөлді. Біз аянбай жұмыс істеп жатырмыз. Вакцинаны сынап көру үшін маймылдар қажет болды. Оны шетелден қалай алдырғанымыз туралы тіпті кітап та жазуға болады. Бұл жерде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті де, басқа да құзіретті органдар көмектесті», - дейді ол.