24 шіл, 2023 сағат 18:54

Бір жарым айдың ішінде 400 жеке өтініш бойынша жұмыс жүргізілді - Динара Зәкиева

Фото: inform.kz

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жұмыс барысына қатысты аралық есепті жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Құрметті достар, ағымдағы ай бойы Премьер-Министрдің орынбасары Т.Қ. Дүйсенова және мемлекеттік органдардың барлығымен Мемлекет басшысының балалық шақ саласындағы тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыс істеп келеміз.

Негізгі бағыттар – профилактика жүйесін және көмек құралдарын құруды, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстар бойынша заңнамаға өзгерістер енгізуді және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету; ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ауылдық жерлерде тұратын балаларға арналған инфрақұрылым құру" - деп жазды уәкіл әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, бұл және басқа да міндеттермен өңірлерде жұмыс істей бастаған.

"Жалпы алғанда, бір жарым айдың ішінде 4 аймаққа барып келдім. Енді күзде ҮЕҰ-мен, өңірлік БҚУ-дермен үлкен талқылау өткізуді жоспарлап отырмыз. Өңірлерге ұзағырақ мерзімге барып, аудан орталықтары мен ауылдарда жұмыс істейміз. 

Түрлі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ата-аналармен көтерілетін мәселелер мен өтініштер бойынша үнемі кездесулер өткізіп жүрміз. Сондай-ақ, бір жарым айдың ішінде 400 жеке өтініш бойынша жұмыс жүргізілді – бұл емдеу мәселелері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, зорлық-зомбылыққа қатысты және т. б." - деп түйіндеді Динара Зәкиева.