© Photo : Әлеуметтік желіден алынды
Сенат депутаттары еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібіне өзгеріс енгізу туралы заңды мақұлдады. Оған сәйкес, жұмысшыларға бір сағаттық ескерту ереуілін өткізуге рұқсат беріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасовтың айтуынша, ескерту ереуілін еңбек арбитражы кезінде өткізуге рұқсат беріледі. Уақыты - бір сағат. Адам санына да шектеу бар.
"Адам саны 50-ден аспауы керек. Ескерту ереуілі жұмысшылардың талабын тиімді қарастыруға және бәріне ыңғайлы шешім қабылдауға ықпал етуі керек", - деді Сарбасов Сенатта өткен брифингте.
Осы орайда вице-министр толыққанды ереуілді өткізу тәртібін түсіндірді.
"Бәрі жұмысшылардың талабынан басталады. Бұл - бірінші кезең. Екі жақ келісімге келмесе, барлық мәселе татуласу комиссиясында қаралады. Оған жұмыс беруші мен жұмысшылардың өкілдері тең дәрежеде кіреді. Татуласу комиссиясында ештеңе шешілмесе, еңбек арбитражы құрылады. Оның құрамына да екі жақтың адамдары, еңбек инспекторы және тағы басқа сарапшылар кіреді. Онда да келісімге келмесе, жұмысшылар ереуіл жариялауға құқылы", - деп атап көрсетті Сарбасов.
Оның айтуынша, бүгін қабылданған заңда арбитражды құру мерзімі екі күнге қысқартылады. Ал шешім шығаруға үш күн беріледі. Сондай-ақ, келісу комиссиясына шағым түсіру тәртібі жан-жақты жазылған.
Жұмыс беруші ереуіл және тағы басқа шараларды өткізу үшін жағдай жасауға міндетті.
Айта кетері, бүгін заң екі оқылымда мақұлданды. Құжат Президенттің қол қоюына жіберілді.