03 қыр, 2020 сағат 09:03

Бір күнде елімізде 3 бала көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап кеткен

Кеше елімізде 3 бала көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ​ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

​«2 қыркүйекте елімізде балалардың терезеден құлауына қатысты 3 оқыс оқиға тіркелді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында Ж.Нәжімеденов көшесіндегі тоғыз қабатты тұрғын үйде бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен ересектердің қарауынсыз қалған 4 жасар бала құлап кетті. Ол ауруханада көз жұмды.

Ақтауда бес қабатты тұрғын үйде ересектердің қарауынсыз қалған 3 жасар бала бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлады. Бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.

Павлодар облысының Қалқаман ауылында төрт қабатты үйдің төртінші қабатындағы терезесінен 4 жастағы бала құлап кетті. Ол да түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды», делінген хабарламада.

Құтқарушылардың айтуынша, оқыс жағдайға ата-анасының баланы қараусыз қалдыру немесе қасындағы ересектердің салғырт қарауы себепші болады. Сондай-ақ көбінесе бұл күндізгі уақытта болады.

Төтенше жағдайлар комитеті осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін азаматтарды кішкене баланы жалғыз қалдырмауға; құлап кетуден қорғауға арналмаған маса торына (москит) сенбеуге, терезе ашқанда баланы назардан тыс қалдырмауға шақырады. Сонымен қатар, баланың терезе алдына шығып кетпеуі үшін жиһаз бен төсекті терезеден алысырақ қою керек.