Фото: z-taraz.kz
Қазіргі кезде жастардың шетелге оқуға баруы таңсық жағдай емес. Бірақ олардың сол жақта тұрақтап қалуы, елге оралып білімін отандық ғылым-білімді дамытуға пайдаланбауы өзекті мәселе болып отыр. Алайда білімді азаматтардың дамыған елдерде қызмет істеуін құп көретіндер де бар.Ult.kz тілшісіне сұхбат берген белгілі қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев шетелге кету немесе кетпеу әр адамның өз құқығы, сондықтан білімді азаматтар өзге елге қызмет етуге бара бергені жөн деп есептейді.
«Онда тұрған ештеңе жоқ. Ел көрсін, жер көрсін, ғылым үйренсін. Келетіні қайтып келеді, келмейтіні қалады. Сіз оған ешқандай тосқауыл қоя алмайсыз. Мысалы судың ағысына тосқауыл қойсаңыз, ол бәрі бір бөгетті айналып өтеді. Сондықтан мен шетелге кетіп жатқандарды даулайтындай себеп көріп тұрғаным жоқ», – деген ғалым азаматтардың шетелге ағылуын қалыпты жағдай көреді. Өйткені ғылым күшті жерге ғалымның баруы заңды нәрсе.
Еске салсақ, былтыр Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев отандық ғылымға бөлінетін қаражат аз екенін айтып, мәселе көтерген.
«Әлем келесі кезекте ғылымның қай саласында тыңнан түрен саламыз, қай биікті бағындырамыз деп жүргенде, біз ғылымға ақшаны қайдан табамыз деп, түбі тесік қалтамызды түрткілеп отырмыз. Содан кейін елден "ақылды бастар" кетіп жатыр деп сан соғатынымыз және бар. Ғылымға жауаптылардың "жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 пайызы ғылыми зерттеулер мен өндіріске жұмсалса" деп жақ сауып айтып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Ғылым жыл сайын тек бюджетке қол жаюға мәжбүр», – деген болатын депутат.
Ол көрсеткен деректер бойынша 2024 жылы республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылса, 2025 жылы – 242,6 млрд теңге, 2026 жылы – 259,5 млрд теңге бөлінбек. Ол бұл қаражатың ғылымды дамыту үшін жеткіліксіз екенін айтты.
«Ну и что?»
Ал Асқар Жұмаділдаевтың сөзінше егер мықты маман болып, 3-4 жерде жұмыс істесе жақсы жалақы алуға болады. Тек көп еңбектену керек.
«Мұғалімнің ақшасын көбейткеннен ол бәрі бір риза болмайды, ақша аз дейді. Ғалымдарда да ондайлар бар. Негізінде ол барлық жерде бар. Сіздің жалақыңыз көп пе? Көп болса 200 мың теңге болар. Ал ғалымдарда әр түрлі. Мысалы профессорларда 400-500 мың теңге, жеке институттарда істесе одан да көп дегендей», – дейді А. Жұмаділдаев.
«Ал Америкада халық өздігінен қозғалатын көлік мініп жүр. Бұл сол елдегі ғылымның дамығанын, халық соның игілігін көріп жүргенін білдіреді ғой. Ал бізде ондай жоқ», – деген Ult.kz тілшісінің сұрағына ғалым: «Ну и что?» – деп жауап берді.
«Еретең көресің, арғы күні көресің онда тұрған не бар? Мысалы кеше ғана электрокарлар болмаған, үш-төрт жылда келіп жатыр ғой. Бұрын он жыл десе, қазір бір-ақ жылда келіп жатыр. Қытайда кеше шыққан нәрсе ертесі күні біздің үйге келеді. Сіз сұрақты басқаша қойдыңыз. «Осындай автокөліктер неге Қазақстанда жасалмайды?» деп қойыңыз. Сонда мүмкін сұрақ туады. Ол басқаша әңгіме, оған жауап беретін уақытым жоқ», – деді Асқар Жұмаділдаев.
Статистика не дейді?
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы мәліметі бойынша 2024 жылы елге келген азаматтар саны 29 мыңнан асады, ал Қазақстаннан кеткендер саны – 12732 адам. 2023 жылмен салыстырғанда Қазақстанға келгендер – 15,3%-ға өсті, кеткендер саны 20,9%-ға азайды. Олардың ішінде еңбекке қабілеттілері қанша екені туралы статистика бюросының ресми сайтында соңғы жылға мәлімет жоқ. Бірақ 2020 жылғы дерек бойынша, эмигранттар негізінен еңбекке қабілетті жастағы халықтың 66%-н және еңбекке қабілетті жас азаматтардың 32% құрайды. Оның ішінде жоғары білімі бар халық – 36%, техникалық және кәсіптік білімі барлары – 25% екен.
Ресми статистика тек азаматтығын ауыстырған эмигранттарды ғана ескеретінін есте ұстаған жөн. Қазақстандық паспортты сақтай отырып, шетелде оқитындар немесе жұмыс істейтіндер есептелмейді.
Халықаралық көші-қон ұйымының тапсырысы бойынша саясаттанушылар Ирина Черных және Рустам Бурнашевтың 2018 жылы қыркүйекте жүргізген "Қазақстандық жас мамандардың көші-қон көңіл-күйі" атты зерттеуінде соңғы 7 жылда Қазақстаннан 300 мыңға жуық адам кеткені айтылады. Бұл көрсеткіш жылдық өсуі 250 мың адамды құрайтын ел үшін саны жағынан онша көп болмаса да, сапасы жағынан қоғамның толық білімді және білікті бөлігі кетіп жатқаны анықталған.
«Жоғары білімі бар адамдардың көші-қоны жоғары көрсеткішке ие. 2017 жылы жоғары білімі бар 11 290 адам Қазақстаннан кеткендердің жалпы санының 29,9% құрады, яғни бұл әрбір үшінші эмигрант деген сөз. Ал елге келгендердің 2 736-і немесе 17,5%-ы, әрбір алтыншысы жоғары білімді, - деп атап өтті Ирина Черных.
Елден кетудің себептерін анықтау үшін зерттеушілер шетелде оқу немесе тағылымдамадан өту тәжірибесі бар 50 жас маманнан (40 жасқа дейін) сұхбат алған. Респонденттердің 35-і Қазақстанда, 15-і шетелде тұрады.
Зерттеу бойынша білімді адамдардың Қазақстаннан кетуіне елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы, тілге байланысты психологиялық себеп, биліктің транзитін күту арқылы анықталатын саяси жағдайдың тұрақтылығына деген сенімсіздік (орыстар Президенттің кетуінен қорқады), сонымен қатар бірқатар көрші елдердің мигранттарды тарту бойынша белсенді саясаты мен Қазақстан азаматтығының салыстырмалы "әлсіздігі" жатады екен. Айта кетейік, зерттеушілердің орыс тілді екенін де ескерген жөн болар.
Ел арасында "Алтын бастар" деп атап кеткен білімді жастардың шет мемлекетке кетіп, сол жақтың білім-ғылымына үлес қосып, сол елдің дамуына ат салысып жүруін біреу құптаса, тағы біреулер қарсы. Алайда олар Қазақстанда ғылым саласының әлі де шешілмеген түйіткілді мәселелерінің бар екенін жасырмайды.