Фото: wikipedia.org
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Біріңғай есепке алу жүйесіне (ЕСУ) қатысты жаңа мәлімдеме жасап, қоғам назарын аудартты. Оның айтуынша, жүйені енгізу аясында NomaPay компаниясымен жасалған құпия келісімдер капиталдың Ресейге шығарылу қаупін тудыруы мүмкін. Депутаттың бұл ескертуі өткен аптада жарияланып, ел ішінде кең талқыланды.
Қазақстандағы ЕСУ жүйесі ресейлік ЦУПИС жобасының тікелей көшірмесі болып отыр. Exclusive.kz басылымы Ресейдегі ЦУПИС жүйесінің қоғам мен мемлекет мүддесіне қаншалықты қызмет етіп жатқаны туралы зерттеу жариялады. Зерттеу нәтижесі бойынша, ЦУПИС билікпен байланысы бар шағын топтың мүддесіне жұмыс істеп, нарықты кландық жолмен бөліп, жемқорлық монополия орнатқанын көрсетіп отыр.
Қазақстандық шенеуніктерге көрсетілген ЦУПИС презентацияларында жүйе «оффшорларды жеңген және лудоманияны бақылауға алған мемлекеттік реттеу моделі» деп сипатталған. Алайда зерттеулер көрсеткендей, онда ешқандай мемлекеттік бақылау механизмі жоқ. Ресейде ЦУПИС операторын «Мобильная карта» компаниясы басқарады, бұл банктік емес несие ұйымы, яғни кәдімгі микроқаржы құрылымы. Оған Умар Кремлёв және «Современные платёжные решения» мен «Центр прогресса бокса» фирмалары арқылы ВТБ банкі иелік етеді. Нәтижесінде бұл топ Ресейдегі барлық заңды онлайн-бәс тігулер нарығын, триллион рубльдік төлем айналымын және ондаған миллион ойыншының жеке деректері мен қаржылық ақпаратын бір орталыққа шоғырландырып, букмекерлік компанияларға толық бақылау орнатқан.
Умар Кремлёв Ресейде екі рет сотталған тұлға. Ол басқарған IBA Халықаралық бокс қауымдастығы ішкі жемқорлық пен қылмыс әлемімен байланысы үшін олимпиададан шеттетілген. Қазіргі таңда көптеген елдер IBA-дан бас тартып, оның орнына Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымын мойындаған. Ал ВТБ банкі Украинаға қарсы соғысты қаржыландырғаны үшін АҚШ пен Еуроодақтың санкцияларының астында. ЦУПИС операторы «Мобильная карта» да Еуропаның бірнеше елінің санкциялық тізімінде. Осындай қылмыс әлемімен байланысы бар және санкцияның астындағы ресейлік құрылымдар басқаратын жүйені қазақстандық шенеуніктер «сәтті мемлекеттік модель» деп таныстырып, назардан тыс қалдырған.
ЕРАИ деген не?
Ресейде ЦУПИС жобасын енгізер алдында, мүдделі топтар мемлекет бақылап отыр деген әсерді жасау үшін «Единый регулятор азартных игр» (ЕРАИ) ұйымын құрған. Оның ресми міндеті – ЦУПИС қаражатын дұрыс бөлу және әлеуметтік міндеттерді орындауды қадағалау. Алайда ұйым басшылығы Кремлевпен тығыз байланысы бар адамдардан тұрады. Олег Саитов пен Кирилл Щекутов Умар Кремлев басқарған IBA құрамындағы Ресей бокс федерациясының атқару комитеті мүшелері болса, Алексей Грачев «Спорт и Отечество» жобасынан келген. Тек төртінші басшы ғана Ресей Қаржы министрлігінің өкілі болып табылады. Яғни, мемлекеттік ұйым да Умар Кремлевтің бақылауында екені анық байқалады.
Ресейде ЦУПИС жүйесінің шығындары SEPA мен СБП платформаларымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары шыққан. ЦУПИС-тің бір жылдық операциялық шығыны 7,6 млрд рубль болса, пайдасы 31 млрд рубльге жеткен. Ал Ресейдің бүкіл банк секторына қызмет көрсететін СБП екі есе аз шығын жұмсаған. Еуропалық SEPA платформасы, жүздеген миллион пайдаланушысы бар болса да, небары 2,5 млрд рубль ғана жұмсаған. Яғни, тек букмекерлермен жұмыс істейтін ЦУПИС Еуропа мен Ресейдегі екі ірі платформадан 2–3 есе көп қаржы жұмсаған, бұл жүйенің экономикалық тиімсіздігін және ішкі жымқыру механизмдерінің бар екенін көрсетеді. Қазақстандағы ЕСУ де осындай жемқорлыққа жол бермеуі үшін кім кепіл бола алады?
Сонымен қатар, ЦУПИС-тің пайдасы спортты қаржыландыруға кетуі тиіс қаражатқа теңескен. 2024 жылы бенефициарлары 31 млрд рубль пайда көргенде, спортты қолдау тапшылығы 18 млрд рубльге жеткен. Бұл Ресей спортын қаржыландыру проблемасын шешпей, монополия орнатуға бағытталғанын айқындайды. Өкініштісі, дәл осы модель Қазақстанға енгізілмек.
Ресейде ЦУПИС монополияға айналғаннан кейін Кремлёв нарықтағы букмекерлерге «доляңды бер, әйтпесе жүйеден ажыратамыз» деп қысым көрсеткен. Ресей заңнамасы бойынша, букмекерлер ЦУПИС-сіз жұмыс істей алмайды, әйтпесе лицензиясынан айырылады. Бұл жүйемен Кремлёв енді Қазақстан нарығын да толық бақылауға алмақ. Яғни, елдегі букмекерлердің қызметі мен үлестері Кремлёвтің шешіміне тәуелді болуы мүмкін. Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызуда.
