07 қыр, 2020 сағат 16:20

Білім министрлігі «Астана» университетін сотқа берді

ҚР Білім және ғылым министрлігі тексеру жұмыстарына кедергі келтіргені үшін «Астана» университетіне қатысты әкімшілік хаттама толтырып, сотқа жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хаттама ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 462-бабы, 2-бөлігі (Мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына өз қызметтік міндетін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау, бiр жыл iшiнде қайталанған әрекеттер) бойынша жазылған. 

«Астана» университетіне қатысты бүгінгі тексеру жұмыстарына кедергі келтіру жөнінде хаттама толтырылды. Біздің қызметкерлер алдына университеттің бірде-бір басшысы шыққан жоқ. Өтініште көрсетілген мәелелер бойынша сұраған құжаттар берілген жоқ. Сол себепті, Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске сәйкес, хаттама толтырылып, бүгін-ертең сотқа жіберіледі. Құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанғаны үшін айыппұл көлемі 2-3 есеге өсуі мүмкін», - деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Жұмашев.

Оның айтуынша, сот шешімі шамамен 2 апта ішінде шығуы тиіс. Сот өз шешімімен министрліктің тексеру жүргізуін, барлық құжаттардың көрсетілуін міндеттей алады. 

Сонымен бірге, Ғ. Жұмашев «Университеттің лицензиясы уақытша тоқтатылуы мүмкін бе? Студенттердің жағдайы не болмақ?» деген сұраққа жауап берді. 

«Бүгін университетте тексеру жүргізген жоқпыз, өз жұмысымызды аяқтай алмадық. Лицензияны уақытша тоқтату үшін біздің комитеттің қаулысы шығуы керек. Қаулы шығару үшін тексеру жұмыстарын жүргізу қажет. Бүгін хаттама жіберіп, сот шешімін күтеміз. Ал студенттер оқуын әрі қарай жалғастыра береді. Бұл процесс олардың оқуына әсер етпейді. Ал министрлікке өтініш берген 14 студенттің мәселесі шешілмей қалды», - деп жауап берді Ғ. Жұмашев. 

Айта кетейік, бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі «Астана» университетіне жоспардан тыс тексеруді бастады. Оған 14 студенттің шағымы негіз болды.

Студенттер университетте оқытушы жоқтығын, ғылыми жетекшілерді жұмыстан босатып, олардың орнына басқа маман бекітілмегенін, басқа ЖОО-ға ауысқысы келген студенттердің құжаттары берілмегенін айтып шағымданды.