23 мау, 2023 сағат 19:11

Білім беру жүйесінде бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемалары ашылды

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Білім беру жүйесінде бюджет қаражатын жымқырудың тұрақты қылмыстық схемалары ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Бүгін ведомствоаралық кеңесте сол талдаудың қорытындысы шығарылды. Оған Президент Әкімшілігінің, Ұлттық Банктің, жоғары аудиторлық палатаның өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Білім және цифрлық даму министрлері, қаржы, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрлері және қоғам қайраткерлері қатысты" - делінген хабарламада.

Соңғы үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған, бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджеттің барлық шығыстарының 28%-ын құрайды.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысын екі есе, ал ғылыми дәрежесі мен сабақтан тыс сабақтары болған жағдайда – үш есе арттыруға мүмкіндік берілді.

Әлеуметтік қолдау шараларына қарамастан, білім беру саласы ең көп жемқорларланған салалардың бірі болып қалып отыр. 2020 жылдан бастап осы саладағы қылмыстық істер бойынша 143 адам сотталған. Мемлекетке келтірілген залал шамамен 11 млрд теңгені құраған, оның 5,2 млрд теңгесі ғана өтелген.

"Тек Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған. Қылмыстық топқа басшы және екі білім беру бөлімінің бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтерлері кірді.

Мұндай қылмыстық схемалар елдің барлық аумағында анықталды. Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Ақтөбе және Алматы облыстарында ең ірі жымқыру фактісі тіркелді" - делінген Антикор хабарламасында.

Мәселен, жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері бойынша бюджет ақшасын жымқырудың мынадай тұрақты тәсілдері ашылған:

1. Қызметкердің жалақысына оның лауазымына қарағанда әлдеқайда көп ақша аударған;

2. Жалақы мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға аударылған;

3. Қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлемдерде басқа тұлғаның тегі көрсетілген;

4. Бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет аударған;

5. Олар ақшаны «өлі жандарға» - туыстары мен жақындарына аударған.

"Жоғарыда аталған барлық жымқыру әдістері бір схема арқылы жүзеге асырылады. Алдымен бухгалтер төлем құжаттарын ведомстволық есеп жүйелерінен түсіреді. Әрі қарай, қажетті түзетулер қолмен енгізіліп, бұрмаланған мәліметтері бар құжаттар кейін төлемге жіберіледі.

Мұндай манипуляциялар мектептің аталған бухгалтерлік есеп жүйелері, Ұлттық білім беру базасы және Қазынашылық-клиент базасы арасындағы интеграцияның болмауына байланысты жүзеге асқан.

Осындай фактілерді болдырмау мақсатында кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті органдар арасында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі «Жол картасына» қол қойылды" - деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.