19 қыр, 2019 сағат 13:10

Білім беру саласындағы оңтайландыру кімдерден басталады

«Адал білім» жобалық кеңесінің әкімшісі Сергей Пен білім беру саласындағы оңтайландыру кімдерден басталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифинг барысында «Адал білім» жобалық кеңесінің әкімшісі Сергей Пен білім беру саласындағы оңтайландырудың екінші кезеңі қалай жүріп жатқанын баяндады.

«ҚР Білім және ғылым министрлігіне бағынатын 50-ден астам квазимемлекеттік ұйым бар. Оларда 8 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Жыл сайын бұл ұйымдардың жұмысына 20 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалады. Министр Асхат Аймағамбетовтің өзі бастамашы болған оңтайландырудың бірінші кезеңі аяқталды. Тек техникалық, құқықтық бөлігі қалды. Ұйымдастыру-құқықтық формасын өзгерту мақсаты іске асты деуге болады. Кейбір мекемелерді біріктіріп, еңбекақы қорын қайта қарау жұмыстары аяқталды. Екінші кезеңі әлдеқайда күрделі деп айтуға болады. Арнайы құрылған жұмыс тобы терең функционалдық талдау жүргізеді. Қызметтер бір-бірін қайталап жатқан жоқ па? Мемлекеттік тапсырма қаншалықты орынды қойылған? Ол негізді іске асып жатыр ма? Аталмыш қызметті бәсекелі ортаға жіберсе не болады? Осы мазмұндағы сауалдар төңірегінде зерттеу жүргізіледі. Еңбекақы қоры, әкімшілік шығындар, ғимарат жалдау құны және оның орындылығы, ол ғимаратты күтіп-ұстау, оған қызмет ететін жұмысшылар штаты қаншалықты тиімді құрылғаны да жан-жақты зерделенеді. Осыдан кейін барып аталған ұйымдар қызметінің тиімділігі қаралады», - деген Сергей Пен оңтайландыру ең әуелі қай ұйымдарды қамтуы мүмкін екенін айтты.

«Мысалы «Өрлеу» мекемесі біліктілікті арттырумен айналысады. Біздің қай өңірде қанша адам біліктілігін арттырып, қандай нәтижеге қол жеткізгенін білгіміз келеді. Ол іске кім жауапты болғанын, қанша қаражат кеткенін, біліктіліктен өткен маманның шынымен сапалы қызметкерге айналғанын қандай өлшемдер дәлелдейтінін анықтаймыз. Бірінші кезекте қаржыны ең көп шығындайтын ұйымдар оңтайландыруға ұшырайды. Олар «Өрлеу», «Кәсіпқор», «Ситуациялық талдау орталығы» сияқты 8 ірі ұйым. Аталмыш ұйымдардың 17 өңірде филиалдары бар. Олардың бәрі ол жақта қаншалықты ттиімді жұмыс істеп жатқанын білгіміз келеді», - деді «Адал білім» кеңселік жобасының әкімшісі.