30 жел, 2022 сағат 20:17

Бибісара Аусабаева екінші мәрте блицтен әлем чемпионы атанды

Фото: worldrapidandblitz2022.fide.com

Бүгін Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында блиц шахматтан Әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мереке қарсаңындағы соңғы жарыс күні гроссмейстерлер үшін оңай болған жоқ. Қарбаласқа толы кездесулер нәтижесінде қазақстандық Бибісара Асаубаева блиц шахматтан қатарынан 2-ші рет Әлем чемпионы атанды. Ол 17 ұпайдың 13-іне қол жеткізді. Айта кетейік, былтыр Бибісара блиц шахматтан ең жас әлем чемпионы атанған еді.

«Бүгін 2-ші рет әлем чемпионатында жеңіске жеттім. Былтыр өте сенімді ойын көрсетіп, топ жарған едім. Алайда биыл сондай жақсы қарқын көрсете алмадым. Қазір отбасыммен біраз уақыт бірге болып, демалғым келеді», - деді Бибісара баспасөз жиынында.

Айта кетейік, 2 күн бұрын шахматтың рапид түрінен қытайлық Тань Чжунъи жеңімпаз атанса, оған тай-брейкте есе жіберген Динара Сәдуақасова күміс медальге ие болған. Ал қола жүлде үндістандық Савита Шридің еншісінде кетті.

Ерлер арасында норвегиялық Магнус Карлсен қос алтынды мойнына тақты.

Осы жолы да Карлсенге тең келер шахматшы табылмады. Ол 13 турдан кейін 10 ұпай жинап, рапидтен 4 дүркін Әлем чемпионы атанды (2014, 2015, 2019 және 2022 жылдар). Бұл бәсекеде германиялық Винсент Кеймер күміс, америкалық Фабиано Каруана қолаға қол жеткізді.

Жалпы, Алматыдағы ақыл-ой аламанына 50-ден астам елдің таңдаулы ойыншылары келді. Биылғы чемпионаттың жүлде қоры – $1 млн.

Әлем чемпионатын ұйымдастырушылар – FIDE мен Қазақстан шахмат федерациясы. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі де қолдау көрсетті.

Барлық нәтижені Worldrapidandblitz2022.fide сайтынан көре аласыздар.