20 ақп, 2022 сағат 12:44

Бейжің-2022: Владимир Смирнов қазақстандықтардың көрсеткіші жайлы сөз қозғады


Бейжің Олимпиадасының аяқталуына санаулы күндер қалды. Бұл - Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қатысып жатқан сегізінші қысқы ойындар. 30 жыл ішінде отандық спортшылар ақ Олимпиададан сегіз ғана медаль алған. Олардың төртеуі атақты шаңғышы Владимир Смирновқа тиесілі. Аты аңызға айналған спортшымыз Бейжің төрінде Қазақстан спортындағы бірқатар мәселелерді көтеріп, сұқбат берді, деп хабарлайды Olympic.kz.

- Владимир Михайлович, 2022 жылғы Олимпиададан алған әсеріңізбен бөлісіңіз. Бұл күндер несімен есте қалды?

- Ең алдымен, Олимпиада ойындары өте жоғарғы деңгейде өтіп жатқанын атап өткім келеді. Ұйымдастырушылар таңдаулы спорт нысандарын салған. Олардың барлығы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бейжіңде алауы тұтанған қысқы ойындар әлем жұртшылығын таңғалдырғаны рас. Өйткені ешкім қытайлықтардың Олимпиаданы қалай өткізетінін білген жоқ. Міне екі аптадан аса уақыт өтті, ал өзім жоғарғы бағаға лайықты деп нық сеніммен айта аламын.

- Cіз қазақстандық атлеттердің Бейжіңдегі өнерін бақылап жүрсіз бе? Бүгінгі күнге дейінгі команданың нәтижесіне қандай баға бересіз?

- Әрине, біздің құраманың бүгінге дейін бірде-бір медаль жеңіп алмағаны өкінішті және нәтижелер аздап қынжылтады. Екінші жағынан, бұл нәтижелер күтілді. Оған себеп те бар. Өйткені, шорт-трек пен могулды қоспағанда, әлем кубоктары, алдыңғы маусымдағы нәтижелер көп жүлде ұтып алмайтынымызды меңзегендей. Коньки жарысында да аздаған үміт болды. Ал қалған спорттағы атлеттердің мақсаты - бастысы қатысу. Қазақстандық делегация негізгі міндетті орындады деп ойлаймын. Яғни, көптеген спорт түрлерінен жолдама ұтып алды.

Атлеттеріміз жақсы өнер көрсетуде, ел намысын абыроймен қорғауда. Мүмкіндіктері мен мәдениетімізді көрсетуде. Екінші жағынан, жеңіс тұғырынан әзірге отандастардың көтерілмегені өкінішті. Алайда алдағы уақыттарда Олимпиадада жүлде алатын спортшылар шығады деп үміттенемін. Осы тұрғыда Қазақстан дарынды жастарды іздеуге тырысу керек. Олар өздігінен көтеріле алмайды емес пе?! Спортқа инвестиция құю керек, жаңа спорт түрлеріне көңіл бөлген жөн, халықты көбірек тарту керек. Бұл шын таланттар мен қызығушылығы бар спортшыларды іріктеу үшін өте маңызды. Дәл осындай еңбексіз бізде ешқашан медальға үміт болмайды. Ал бұл жұмыстарды міндетті түрде жасау керек.

- Сіздің ойыңызша, бұл жұмысты неден бастау керек?

- Бізде қыс мезгілі бар. Бірақ спортымызда құрылым (жүйе) жақсы жұмыс істемейді. Қазақстанда үнемі бір нәрсе өзгеріп отырады. Спортта жетістікке жету үшін алдымен жақсылап талдау жасаған дұрыс. Қай облыста қандай спорт түрлерін дамытуға болады деген секілді. Жүйелі түрде орындалатын жақсы бағдарлама қажет. Бұның барлығын жасау үшін әрине қаржы, жаңа спорт нысандары керек және жарыс кестесін өзгерткен дұрыс. Оларды халықаралық деңгейде жасауға әрекет еткен жөн. Себебі, бәсекелестік аз болған жағдайда таланттарды табу қиынға соғады. Бәсекелестікті үнемі арттырып отыру керек. Ол үшін бізге жиі спорттық шаралар өткізіп, шетелдегі бәсекелерге көбірек қатысу қажет. Әсіресе көршілес елдерге барған дұрыс. Қысқы спорты жақсы дамыған Ресеймен бірыңғай емес, бірақ өте жақын күнтізбелік жоспар жасауға не кедергі келтіреді. Бұл тек негізі құрамды ғана сайыстарға жібере беру керек деген сөз емес. Балалар, жасөспірімдерге де жағдай жасалғаны жөн. Елімізде балалар, жасөспірімдер, студенттер спортын дамыту керек. Алайда бұл үшін жақсы бағдарлама керек екенін тағы да қайталап айтамын. Бұл бағдарламаны құрастырып шығатын талантты адамдар тарту керек және оны енгізу өте маңызды. Бізде бұндай мүмкіндіктер бар, бірақ үлкен спортты дамыту сияқты қарапайым идеяларды жүзеге асыра алмайтынымыз өкінішті.

- Олимпиадалық спортта үнемі жаңа тәртіптер қосылып отырады. Біз гендерлік тепе-теңдікті сақтау мен жастардың спорт түрлеріне екпін түскенін көріп отырмыз. Ал сіз қысқы Олимпиададағы спорт түрлерінің даму тенденциялары қандай деп ойлайсыз?

- Бүгінде спорт бірнеше бағытта дамып келеді. Біз шаңғы, коньки, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы сияқты дәстүрлі спорт түрлерін сақтауымыз қажет. Сонымен қатар, жастардың спортына мүмкіндік пен орын қарастыруы маңызды. Фристайл-могул және акробатика  –спорттың жаңа лебі. Ал шорт-трек жақында ғана біз өнер көрсететін спорттың арасына қосылды. Бізге дәстүрлі спорттарды сақтап, жаңа түрлеріне де көңіл бөлген жөн. Бұл баланс ескі дәстүр мен жаңа спорт түрлерінің арасындағы үйлесім болып табылады. Бұл әрқашан олимпиада қозғалысына ілесіп отыруға мүмкіндік бермек.

-Сіздің ойыңызша, ата-аналарды қызықтырып, балаларды қысқы спорт секцияларына беру үшін не істеу керек?

- Ата-аналар балаларын секцияларға беруден қорықпайды. Олар қуана қатыстырады. Мен бұны проблема деп санамаймын. Әрбір балаға қалаған спортына баратындай мүмкіндік берген жөн. Тек мүмкіндігі мен қаржысы бар ата-аналар ғана балаларын спортқа бермеуі керек. Қарапайым отбасыларда балаларын қалаған үйірмелерге қатыстыра алатындай жағдай қарастырған абзал. Бүгінгі күндегі басты мәселелрдің бірі - секциялардың ақылы болуы. Бұл жағдайда қалтасы қалың азаматтарда ғана таңдау болады. Тәжірбиеде көрсеткендей, бай жанұяларда талантты спортшылар өте сирек шығады. Дарындылар ата-анасы күні түні тыңбай еңбек ететін, жалқаулықты жат көретін отбасылардан шығады. Спорт көп еңбектенуді және үлкен жұмысты қажет етеді. Бұндай жанұядан шыққан бала қиындықтарға төтеп береді. Сондықтан спорт мектептерінің аздығы мен қолжетімді болмауы елімізде проблема болып тұр.

- Қысқы спортты бізде "жалғыз адам" жасайды деген пікір бар. Мұндай таланттарды іздеуді жалғастыру керек пе, әлде назарды бұқараға аударған дұрыс па?

- Егер қаптың ішінен "алтын дәнді" іздесек, оның жобамен қайда жатқанын білсек, бұл жақсы. Өкінішке қарай, әлем бұлай жұмыс істемейді. Жаппай дамытуға көңіл бөледі. Бұқара спортын дамытқан өте маңызды. Көпшіліктің арасынан шын таланттарды тауып, солардың дарынын шыңдай алатын білікті бапкерлер тарту керек. Міне осы керегі және бұл жеке жұмыс болып табылады. Басында бұқаралық спортпен жұмыс істеген өте маңызды. Бұдан басқа жұмыс көріп тұрғаным жоқ. Жай жүріп, "міне, жұлдыз өсіп келеді, Мен оны баулып, ертең Олимпиада чемпионын жасаймын" деп ойлау - көзбояушылық. Тіпті қорқынышты. Өйткені спорттың өзі Олимпиада жүлдесімен шектелмейді. Аздап спорт ұғымын кеңейткен абзал. Бізге спорт қозғалу үшін, адамдар спортты жақсы көру үшін, жергілікті халық балаларын өз еркімен секцияларды қатыстыру үшін керек. Себебі, спорт салауатты өмір салты, спорт – кең ұғым. Бұл адамдардың денсаулығы, экономиканың тұрақтылығы, халықтың әл ауқаты, адамдардың дұрыс ойлануы. Барлығын осыдан бастаған абзал. Біз бұны халықтың санасына толықтай сіңдірген уақытта әлем чемпионатында, Олимпиада ойындарына ел намысын қорғай алатын спортшыларды іздей берсек болады. Олармен жұмысты сол кезде еркін бастай беруге болады. Ал басқа кезеңдер түбегейлі керек емес.

- Әңгімеңізге рахмет!