Бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық банктің ноталарына салған инвестициясының көлемі 596 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде мемлекеттік бағалы қағаздар аукциондарындағы нарықтық инвесторлардың үлесі 2020 жылғы 32,7 пайызға қарағанда 2021 жылы 69,2 пайызға дейін өсті. Талап етілетін өтеу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру үлесі 53 пайыз болды», - деді ҰБ төрағасы.
Оның атап өтуінше, 2021 жылы бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық банктің ноталарына салған инвестициясының көлемі 596 млрд теңге болды.
«2022 жылы кірістіліктің тартымды деңгейлері және мемлекеттік бағалы қағаздарын халықаралық индекстерге енгізу аясында шетелдік инвесторлар тарапынан сұраныс мемлекеттік бағалы қағаздары нарығындағы өтімділікті одан әрі арттыруға ықпал ететін болады», - деді Ғалымжан Пірматов.