26 ақп, 2020 сағат 10:20

Бейбіт жиындар туралы заң жобасы ұлтты біріктіретін құжат болуы тиіс – Ерлан Саиров

Бейбіт жиын ұйымдастыру тәртібі туралы заң жобасы ұлтты біріктіретін құжат болуы тиіс. Мұндай пікірді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең алдымен осылай үстел басына жиналып отырғанымыздың өзі қуантады. Өйткені, осы жерде министрліктің де, азаматтық қоғамның да өкілдері отыр. Осының өзі ұлттық ымыраның басталғанын көрсетеді. Екіншіден, бұл заң негізінде прогресс саналады. Бірақ, ішінде көптеген әртүрлі сұрақтар бар. Диалог детальды ашады демекші, оның детальдарын қарастыру керек», - деді ол «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар, шеру, пикеттер, демонстрациялық жиналыстарды өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы» заң жобасын қоғамдық тыңдау барысында.

Осы ретте ол аталған заң жобасын ақылдасып, ой-пікірлерді ортаға салып, содан кейін барып барлық тарап ымыраға келген құжатты қабылдау қажеттігін баса айтты.

«Біз соған қарай келе жатырмыз. Сондықтан осындай кездесулер қажет әрі жиі өтуі тиіс. Сын да керек. Өйткені, сын болмаса мемлекеттік органдар орнынан қозғалмайтыны рас. Ал енді заң жобасы Парламентке жеткен кезде де ол жерде белгілі бір топ болуы керек деп ойлаймын. Ол топқа халықаралық деңгейдегі сарапшылар кіруі тиіс. Бұл заң ұлтты, мемлекетті біріктіретін құжат болуы тиіс», - деді Ерлан Саиров.