ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова «ҚР-да бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасына сәйкес митингіге шығатын азаматтардың құқығы мен міндеті қандай болатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден ұйымдастырушының өзіндік қоғамдық ұстанымын білдіріп, бейбіт жиын өткізуге құқығы бар. Сонымен қатар ұйымдастырушының бейбіт жиынға қатысушылардың алдындағы өз міндеттемелері мен жауапкершілігі де қарастырылған. Әлбетте бұл тұрғыда азаматтардың қауіпсіздігі үшін артылатын жауапкершілік туралы сөз болып отыр. Ұйымдастырушы да, бейбіт жиынға қатысушы да шектен шығып кетпеуі керек. Яғни олар конституциялық құрылымды құлатуға немесе басқа да зорлық-зомбылыққа шақырмауы тиіс. Аталмыш заң жобасы бейбіт жиындарды өткізудің тәртібін регламенттейді», - деді Әлия Ғалымова елордада заң жобасының тұжырымы талқыланған жиын алдында тілшілерге.
Комитет басшысының айтуына қарағанда қатысушылардың да, ұйымдастырушылардың да заң алдында жауапкершілігі бірдей.
«Тіркелген жағдайда әрбір заңбұзушылықтың деңгейіне байланысты (...) Қандай да бір арнайы шара туралы заң жобасында ештеңе жоқ. Жауапкершіліктің бәрі де қолданыстағы әкімшілік заңнамамен реттеледі», - деді ол.
Әлия Ғалымова кез келген бейбіт жиын қоғам өкілдері үшін кедергі болмауы керектігін айтып өтті.
«Бұл норма заң жобасында қарастырылған. Бейбіт жиындарға қатыспайтын басқа да азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Аталмыш заң жобасында құқық қорғау органдарының әрекеті туралы жазылмаған. Адамдардың өміріне қауіп төнген жағдайда құқық қорғау органдары іске араласа алады. Ондай жағдайда олар жиынды тоқтатады», - деді Әлия Ғалымова.