20 қаң, 2022 сағат 11:35

Бейбіт Исабаев Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы лауазымына сайланды


Бейбіт Исабаев ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы лауазымына сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бейбіт Исабаев Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің құрамында қызмет етуге өтініш білдірді», - деді Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Осыдан кейін Сенат спикері Бейбіт Исабаевты аталған комитеттің құрамына сайлау мәселесін дауысқа қойып, депутаттар бірауыздан қолдау білдірді. 

Келесі кезекте сөз алған сенатор Нариман Төреғалив Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы қызметіне Бейбіт Исабаевты сайлауды ұсынды. 

«Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы қызметіне Бейбіт Исабаевтың кандидатурасын ұсынамын. Бейбіт Өксікбайұлы ҚР Президентінің ҚР Парламентіндегі өкілдігінің басшысы, бірнеше елде Төтенше және Өкілетті Елші, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы ретінде және басқа да қызметтерді абыроймен атқарған азамат. Оның білімі мен мол жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы лауазымына лайықты тұлға деп есептеймін», - деді ол.

Сенаторлар бұл ұсынысты да бірауыздан қолдап, дауыс берді.