16 шіл, 2025 сағат 13:18

«Бейбарыс» Мәскеуде сөйледі: «Алатау» театрының тарихи қойылымы

Фото: театрдың баспасөз қызметі

«Алатау» дәстүрлі өнер театры Мәскеу сахнасында ұлттық өнердің мерейін үстем етті. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының репертуарды таңдаудағы ізденісінің өнердегі жаңа Қазақстан келбетін қалыптастыруда өзіндік ізі бар. Шөлдеген  ел санасын сахналық қойылым арқылы сусындата алатынымызды түсініп, қолдау көрсетіп отырған Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы.  

Сан салалы өнер иелері мен талғамы бөлек таланттылар шоғырланған бұл ұжым мәртебесі ғана емес, Алматы қаласының мәдениеті ұлт руханиятының мақтанышы. Мәскеу шаһарында өткен шет елдік өнерпаздар бас қосқан жиында, қазақ елінің өнер ордасы – «Алатау» дәстүрлі өнер театры да бақ сынады. Бұл дүние дүрмегінде олар «Мәмлүк. Сұлтан бейбарыс» қойылымымен сахна төріне шықты. Шығыс пен Батысты тоғыстырған көне Мәскеудің жүрегінде, Бейбарыс сынды бабаның бейнесін жаңғыртып, ата рухын сөйлетті.

Көрген көрерменнің санасына тарих тағылымын таныстырып қана қоймай, дүйім ел алдында қазақ рухын бір көтеріп тастады. Саундрама деп аталса да, бұл туынды – жүректің лебізі, көненің шерлі мұңы, рух пен парасаттың тартысы. Әрекет арқылы сөйлеу – сөздің орнына ишарат, үннің орнына сезім – бұл қойылымның өзегі де, өзге дүниеден айырымы да осы.


Фото: театрдың баспасөз қызметі

Пікір: Режиссер Субботина Ольга Игоревна

Маған бұл жанрдағы қойылым ерекше әсер етті. Біз көбіне дәстүрлі эпостарды тыңдауға үйренгенбіз. Ал бұл туынды — қалыптан тыс. Мұнда әрекет алдыңғы қатарда, музыка — жанды, актерлер рөлге толық енген. Атмосферасы мен энергетикасы сөзбен жеткізгісіз — оны тек сезіну керек. Шымылдық ашылған сәттен бастап көрерменді өз иіріміне тартып әкетеді. «Алатау» театрына шығармашылық табыс тілеймін, жаңа қойылымдары жалғасын таба берсін!

Көрермен пікірі:

Қойылым әсерлі. Сөз аз болғанымен, қимыл, пластика, би және тірі музыка эмоцияға толы. Жанры да, баяндау тәсілі де өзгеше. Кең тынысты бұл туынды поэтикалық формада өріліп, заманауи режиссерлік шешіммен дараланған.

Қойылымның жанры да, мазмұны да өзгеше. Заманауи режиссерлік шешіммен өрілген кең тынысты туынды көркем-поэтикалық баяндауға құрылған.

 

Пікір: Роман Белуков, «Телеканал Мир» тілшісі

Алғаш рет театрланған саундрама жанрын тамашаладым. Бұл қойылым арқылы қазақ режиссері Фахад Молдағалимен таныстым. Бір жарым сағат көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Моссовет театры сахнасында қазақтың найзасы мен балтасы жарқ етті. Бұған дейін бұл сахнадан Чехов пен Пушкин туындыларын ғана көріп келген едік. Ал «Мәмлүк» – мүлде өзгеше дүние. Тарих тіріліп, жүрекке жетті. Қойылым соншалықты әсерлі болғаны – өзімді залда отырғанымды ұмытып кеттім. Саундрама жанры міндетті түрде жалғасын табуы керек. Қойылым соңында көрермен актерлерді жібергісі келмеді. Мұның айғағы – он минуттық толассыз шапалақ.

Көпшілік сахнада көргенін көкейге түйіп, бір сәт ойға шомылды. Бейбарыс – тарихтың қойнауында қалған тас тұлға емес, тіріліп келіп сөз  сөйлеп, көз алдымызда  күйзелді.

Құлдықтан хандыққа жеткен тағдырлы ер – жүрегімен елінің жоғын жоқтаған, бойымен емес, ойымен биік болған ер.


Фото: театрдың баспасөз қызметі

Тарихи тұлғаның ішкі әлемі сахнада жан-жақты ашылды. Көрермен көңілі толқып, көзіне еріксіз жас үйірілген сәттер аз болмады. Жау қолында ер жетіп, жат елдің тағында отырып, жүрегімен туған жерін аңсаған жанның ішкі арпалысы баршаға таныс күйге айналды. Бейбарыс – тек жауға найза сілтеген батыр ғана емес, адамшылық пен адалдықтың таразысына өз болмысын қойған парасат иесі.

Бейбарыстың сахнадағы бейнесі тек сыртқы салтанатпен емес, ішкі жан арпалысымен көрінді. Ол ұстазымен болған сырлы әңгімеде ел билеу дегеннің ермек емес, ерлік пен жауапкершілік екенін терең ұғынады. Нағыз басшылық – халыққа шынайы қызмет етуде екенін түсінген сәтте, оның биіктігі айқындалды.

Көрерменнің пікірі:

Қойылым мені қатты толқытты. Онда көтерілген мәселелер бүгінгі күнмен тығыз байланысты. Өткен мен қазіргі заман астасып жатқандай көрінді. Бейбарыс халықтың құлы болса, біз нәпсіміздің құлымыз. Мен үшін бұл өте терең, ерекше әсер қалдырған сәт болды.

Мысыр мен Шамды билеген Бейбарысты көп ғалым, талай тарихшы тілге тиек еткен. Бірі оны кемел басшы десе, бірі әділ әмірші, енді бірі рухани тірек деп бағалаған. Бұл сөздердің бәрі бір кісінің бойынан табылуы – сирек несібе. Ал сол бейнені сахнада жандырып, ел рухын тірілткен өнер иелері – шын өнердің жүгін арқалаған жандар.

Сахнадан естілген ұлы сарын, шертілген қасиетті әуен – көрерменнің кеудесіне өткеннің ауыр жүгін арқалаған найзадай қадалды. Бұл әуен – ата-баба үні, бұл үн – қазақтың қасіреті мен қуанышы. Сол үн арқылы баба рухы оянып, бүгінгі ұрпақтың санасына сәуле түсті.

Пікір: Атакова Татьяна Васильевна, дизайнер

Бұл – соңғы жылдардағы ең шынайы спектакль. Жанды музыка, декорация, әрбір сөз, актерлердің ойын мәнері – барлығы бір-бірімен үндесіп тұр. Бұл – жай қойылым емес, ұлттың өз болмысын тануға жасаған қадамы. Рухани жаңғыру — дәл осындай көріністерден басталады. Театр сахнасы бұл жолы өнердің ғана емес, елдік пен рухтың мінберіне айналды.

Бұл туынды – тек бір қойылым емес, ұлттың өзіне қарап, өз болмысын тануға талпынысы. Рухани жаңғыру деген – дәл осындай сәттерден туады. Театр сахнасы – бұл жолы тек өнердің емес, елдіктің мінберіне айналды.

Пікір: Страхова Мария, продюсер

Чехов фестивалі аясында өткен «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» спектаклі – үлкен рухани құбылыс. 85 әртістің қатысуымен сахналанған қойылым көрерменді бірнеше ғасыр бұрынғы дәуірге еркін жетеледі. Ұлттық аспаптармен сүйемелденген тірі музыка қазақ мәдениетінің тереңдігін танытты. Жекпе-жек өнері мен сүрелердің үйлесімі – ұлттық құндылықтарды сахнаға әкелудің биік үлгісі.

Бейбарыс – тек тарихи тұлға емес, бүгінгі санада қайта тірілген рух. Сол рухты тірілткен «Алатау» театры – өнердің ғана емес, ұлттың жадын жаңғыртып жүрген рухани орда. Мәскеу сахнасында қазақтың мұңын, арманы мен үмітін паш еткен бұл қойылым – көркем өнердің ғана емес, кемел ойдың жемісі.

Инара Аубакирова 


Әдебиет бөлім басшысы