Фото: BaigeNews.kz/Бауыржан Жуасбаев
Бас прокуратура Түркістан облысындағы кәмелетке толмаған қыздың өліміне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
13 шілдеде Түркістан облысының Сарыағаш ауданында зорлық-зомбылықпен өлтірілген кәмілетке толмаған қыздың мәйіті табылды. Сол күні полиция қызметкерлері бұл қылмысты жасады деген күдікпен бұрын бірнеше рет сотталған Г.-ны ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша соталды тергеу басталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
"Күдікті Г. 2006 жылы адам өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталғаны анықталды.
Ал 2023 жылдың мамырында Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан, кейін оны балтамен ұрған. Бұл жолы сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын және бұрынғы соттылығы өтелгенін ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындаған.
Бас прокуратура бұл үкімге жазаны қатаңдату және бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы кассациялық наразылық келтірді.
Пробациялық бақылауда болған Г.-ның аса ауыр қылмыс жасағаны ескеріліп, пробация қызметінің қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес адамға қарсы аса қауіпті қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер блогы дайындалып жатыр. Осы қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарау, жазаларды тағайындау және одан босату, соттылығын өтеу тәртібін, жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу шарттарын өзгерту мәселелері пысықталуда.
Қылмыстық істің тергеу барысы Бас прокурордың жеке бақылауына алынды.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.