Фото: eldala.kz
Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
"Сыр елінде дүниеге келіп, қазақтың кең даласына адал еңбегімен танылған, мемлекетшіл, елжанды тұлға, ерекше құрмет тұтатын ағамыз, өмірлік ұстазымыз – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев қайтыс болыпты. Алла алдынан жарылқасын!", - деп жазды Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Бесарық ауылында туған. 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын Қызылорда облысы Задаринский совхозының жұмысшысы болып бастаған.
Әр жылдары Қызылорда облысының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Премьер-министрдің орынбасары, Ақтөбе облысының әкімі, Жамбыл облысының әкімі қызметтерін атқарды.
"Отан", "Барыс", "Парасат", "Құрмет" ордендерінің және басқа да көптеген марапаттың иегері.