25 жел, 2019 сағат 12:42

Бердібек Сапарбаев бойтұмары туралы айтты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бойтұмары туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері вице-премьерден костюмінің жағасына үнемі тағып жүретін ат бейнеленген төс белгінің қандай нышандық мәні бар екендігін сұраған болатын.

«Әркімнің өз бойтұмары болады ғой. Бұл - менің бойтұмарым. Осылай тағып жүрем. Осыған сенемін, ат қой. Қазақ өзі жақсы көретін адамды «атыңнан түспе» деп жатады. Содан шығар», - деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар ол бос уақытын қалай өткізетіндігін де айтып берді.

«Тойға барып жүретін уақыт жоқ. Кешкісін, таңертеңгілік, машинада кетіп бара жатқан уақытта газет оқимын. Жұмыстан кейін кешкісін, демалыста фитнеске, бассейнге барамын. Таңертең және кешке серуендеп, жаттығу жасаймын», - деді ол.

Бердібек Сапарбаев Жаңа жыл мерекесін елордада қарсы алатындығын да атап өтті.