03 сәу, 2023 сағат 20:42

Бензин мен дизельдің қымбаттауы тауар және қызмет құнына қалай әсер етеді?

Фото: kolesa.kz

ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов бензин мен дизель отыны бағасының өсуі азық-түлік құнына қалай әсер ететіне туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Жанармай бағасының инфляцияға ықпалы мәселесіне тоқталсақ, біз бағаны екі есе көтеріп жатқан жоқпыз. Біз бензинді (АИ-92 және АИ-93) 11 пайызға, дизельді 20 пайызға көтеріп жатырмыз. Менің ойымша, жанар-жағармай бағасының өсуі тауар құнына қосатын үлесі шын мәнінде асыра көрсетіліп отыр. Себебі 2021 жылғы және 2022 жылғы статистиканы қарасақ, жанармай бағасы өзгерген жоқ. Бірақ осы уақыт аралығында тауар бағасына басқа факторлар әсер етті», - деді Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның пайымынша, тауар бағасына қатысты елеулі өсім болмайды.

«Атап айтқанда, бұл бағытта тиісті қадағалау керек. Әрине, қандай да бір өсім болады. Бірақ мұның бәрі жоспарланған инфляция шегінде болады деп ойлаймын», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Ақшолақовтың сөзіне қарағанда, такси қызметі қымбаттауы мүмкін.

«Бірақ бензин 11 пайызға қымбаттаса, таксилер де қызмет құнын 11 пайызға көтеру керек дегенді білдірмейді», - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы өседі. Осы орайда тиісті бұйрықтың жобасы бүгін жарияланады.