17 қыр, 2024 сағат 19:47

Белгілі тұлғаларымыздың мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту ұлттық бірегейлікті нығайтады – Тоқаев


Фото:egemen.kz
Мемлекет басшысы тарихымызға қатысты атаулы даталар мен белгілі тұлғаларымыздың мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту ұлттық бірегейлікті нығайту жолындағы маңызды қадам екенін үнемі айтып келеді. Осы орайда қазақ әдебиеті мен руханиятын, тарихы мен мәдениетіне  үлкен үлес қосқан қаламгерлер мен тарихи тұлғалардың шығармашылығын дәріптеу ерекше мәнге ие.


Мәселен, 2021 жылы Қазақ хандығының негізін қалаушы Жошы ханның мерейтойы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оның ұрпақтарына арналған іс-шаралар кешені өткізілді. Ал биыл Жошы ұлысының Қазақ жерінде құрылғанына 800 жыл толды. Қазіргі таңда Алтын Орда атасы Жошы хан туралы фильм түсіріліп жатыр. 

«Біз Қазақ хандығының құрылуына ерекше мән беруіміз керек. Өйткені Керей ханнан бастап Кенесары ханның өздері Жошы ханның мұрагерлері саналған. Шын мәнінде де солай. Қазақ елінің қақ ортасында – киелі Ұлытауда Жошы ханның біздің тарихымызда теуіп тұрып орын алғанын дәлелдейтін айғақтар жиналған. Ол оның кесенесі. Алайда, осы уақытқа дейін ел азаматтарының санасында Жошы ханның біздің тарихымыздағы алатын рөлі мен оның біздің мұрамызға тікелей қатысы бары туралы пікір қалыптаспай келеді. Тіпті Монғолдардың өзі алыстан ат басын тіреп, Ұлыстың басына келіп тізерлеп тағзым етеді, оның құдіретіне бас иеді, оны мойындайды. Ал біз неге мұны мойындамаймыз? Неге біз өзімізге тиесілі нәрсені ала алмаймыз? Біздің фильм қазақстандықтардың тарихи санасын оятуға және ұлттық құндылықтарымызды нығайтуға көмектеседі деп сенемін. Жақында...», - деді тележүргізуші Мая Бекбаева. 

Қазақ тарихында, аңызы мен күйлерінде орны бар Алтын Орда  мен Жошы хан тұлғасы киномызда көрініс табуы қазақ тарихына деген қызығушылықты арттырып, жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттауда ерекше мәнге ие болатыны сөзсіз. 
Атақты қазақ ғалымы және ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойы да елімізде атаулы күндердің бірі ретінде аталып өтіледі. Қазаққа ғана емес, тұтас түркі дүниесіне ортақ ойшыл, Ислам әлемі үшін қадірі бөлек ғұлама, адамзаттық ауқымдағы философ Қожа Ахмет Ясауидің есімі де ерекше аталатыны анық. Сондықтан оның өсиеттерін терең зерделеп, насихаттаудың маңызы зор. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы мәселеге үнемі баса мән беріп келеді. Ұлттық құрылтайдың отырысында бұл бағытта еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы іс-шара өткізу туралы бастама да көтерген.  
Таяуда Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен өткен Ясауи мұрасына арналған халықаралық конференцияда осы мәселелер кеңірек талқыланды. Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасын кең ауқымда қарастырудың маңызы зор. Себебі, Ясауи – түркі-ислам философиясын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ұлы ойшыл, төл әдеби тіліміздің бар байлығын көрсете білген сөз зергері. 
Конференция барысында дін қайраткерлері, ясауитанушы ғалымдар ғұламаның осы көпқырлы бітім-болмысын жан-жақты аша түсті.

Шын мәнінде, Ясауи ілімі – ұлттық және түркілік бірегейлікті нығайтудың кепілі. Себебі, ол – түркілік дүниетаным мен Ислам қағидаларын шебер үйлестіре білген тұлға. Сондықтан бүгінгідей сын-қатерлерге толы алмағайып заманда Ясауидің өсиеттеріне негізделген рухани бастаудан ажырамау маңызды міндет. 
Сонымен қатар Ахмет Ясауи өз еңбектерінде жалпыға ортақ гуманистік құндылықтарды насихаттады. Ойшылдың даналық хикметтері адамзатты бейбітшілікке, ізгілік пен бауырмалдыққа шақыратыны баршаға аян.
Елімізде 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі өтіп келе жатқаны белгілі. Осы ретте Ясауи ұсынған құндылықтар жүйесі аталған Съезд идеяларымен үндес екенін де атап өткен жөн. Соған сәйкес конференция қатысушыларына тұтас түркінің мұрасын және оның ортақ рухани тұлғаларын дәріптеу үшін Съезд алаңын белсенді пайдалану туралы ұсыныстар жасалды. 
Қожа Ахмет Ясауи – түркі дүниесі үшін ерекше қадірлі есім. Сондықтан оны дәріптеу ісіне жіті мән берген жөн. Осындай мақсатты көздейтін бүгінгідей тағылымы мол бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.