22 сәу, 2020 сағат 15:33

Бекшин алматылық дәрігерлердің коронавирусты қалай жұқтырғанын түсіндірді

Алматыда өткен онлайн брифинг барысында қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жүргізіліп жатқан эпидемиологиялық тексерудің аралық қорытындысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаланың бас санитар дәрігері медицина қызметкерлерінің жаппай вирус жұқтыруына байланысты эпидемиологиялық тексеру әлі аяқталмағанын айтты. 

«Бұл жерде аурухананың инфекциялық ауруларды емдеуге рұқсаты болмаса да, ем жүргізгені анықталды. Ең бірінші жұқтырған адамды да таптық. Инфекция ең бірінші диагностикалық бөлімнен тараған деп тұспалдап отырмыз. Ең бірінші ауырған адамдар осы жақтан шыққан. Осы жерге кт, узд жасауға келген адамнан оның қасында жүрген медбикеге жұққан. Ол пациенттің отбасындағы 13 адам түгел тексерілді. Олардың нәтижесі вирус жұқтырғанын растамады», - деді Жандарбек Бекшин. 

Оның айтуынша, бұл ауруханада коронавирус жұқтырған науқастар оқшауланған. Мемлекеттік мекемелерге хабарламастан қабылдау бөлімінде пневмонияға шалдыққан 5 төсек орыннан артық изолятор ашылған. 

«Бұл аурухана инфекциялық науқастарды емдеген. Бұл қызметке рұқсаты болмаса да. Қабылдау бөлімінде науқастарды оқшаулаған. Бейнекамерадағы кадрларға сенсек, қызметкерлер аурухананың ішінде қорғаныс құралдарынсыз емін-еркін аралап жүрген. Бұның барлығы жаппай жұқтыруға әкеледі. Қазір бөлімдердің барлығы жекеленді. Енді осыдан кейін жұқтыру көрсеткіші түседі деген ойдамыз», - деді Ж.Бекшин.

Айта кету керек, 2020 жылғы 18 сәуірде Жандарбек Бекшин Алматы қаласының бас санитар дәрігері қызметіне тағайындалған болатын.