17 ақп, 2020 сағат 14:10

Бекнұр Қисықов митинг туралы заң жөнінде: Бұл - маңызды өзгеріс

Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Қисықов «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар, шеру, пикеттер, демонстрациялық жиналыстарды өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы» жаңа заң жобасына қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қоғам белсенділерімен, азаматтық қоғаммен кездесуін жоғары бағалады.

«Заң жобасы өте жақсы. Кей пунктілерін толықтыру, ал кейбірін өзгерту керек. Бұл құжат жаңа болғандықтан, оның жағымды тұсы көп. Заң жобасы бойынша талқы басталып кетті. Бұл әдетте өте жақсы. Ал митинг жайына келетін болсақ, бұл жиындар басқа адамдардың қимыл-қозғалысына, жүріп-тұруына, қауіпсіздігіне кедергі келтірмеуі керек. Алматыда халық көп тұрады. Бұл мәселе ашық талқыға түсті. Жақын арада ортақ тоқтамға келеміз деген ойдамын», - дейді Бекнұр Қисықов.

Сарапшының айтуынша, митинг өткізу үшін рұқсат сұрау енді керек емес, тек алдын ала ескерту болса жеткілікті.

«Митинг өткізуге арнайы рұқсат керек емес, тек жазбаша хабарлау керек. Бұл жерде тек мерзімі ғана сұрақ туғызады. Біз 10 немесе 15 күн мерзім ұсындық. Бұл техникалық мәселе жақын арада шешімін табады», - деді Қисықов.

Оның айтуынша, жаңа заң сайлауға дейін қабылданады.