Фото: © Sputnik / Айсулу Жумагулова
Сот Меккеге барғысы келгендерді сергелдеңге салған Kausar Travel турфирмасының директорына үкім шығарды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігі "ОTYRAR" порталына сілтеме жасап.
Оған жүздеген қазақстандықты алдады деген айып тағылды.
Мекке мен Мединаға барғысы келген қажылардың әрқайсысы кем дегенде мың доллардан төлеген. Олардың кейбіреуі Қазақстаннан ұшып кете алмады, ал кейбірі шет елге барып алып, баспанасыз, ақшасыз және аш қалған.
Күдіктілер сот процесі басталмай тұрып журналистерге сұхбат беріп, мәселені түсіндірмек болған.
"Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Шымкент полиция департаментіне және өзге инстанцияларға арыз жаздым. Іс бойынша Бекболат Тілеуханов та өтуге тиіс болған. Ол алданған адамдардың барлық ақшасын алып кетті, бірақ қандай да бір себептермен іс бойынша одан жауап алынбады", - деді сотталушы сот процесі басталғанға дейін.
300-ге жуық қажы куә ретінде тартылды. Зардап шеккендер алданғандардың одан да көп болуы мүмкін екенін айтты. Сот жарыссөзінде прокурор айыпталушыны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
"Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді", - деді судья Айнель Орақбаева.
Турфирма директоры өз кінәсін мойындамады және өкінбеді.
Естеріңізге сала кетейік, жанжал осы жылдың қаңтарында болған. Ал сот процесі шілде айында басталды. Шамамен екі ай бойы судья осы іс бойынша зардап шеккендер мен куәгерлерден жауап алды.