Есеп комитеті 2020 жылдың наурызында республикалық бюджет қаражатын және "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның квазимемлекеттік сектор активтерін пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Осы аудит барысында жалпы сомасы 98 961,2 миллион теңгеге бюджет қаражатын және мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану түріндегі бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерімен салыстырғанда холдингтің еншілес ұйымдарының функциялары мен міндеттерінің қайталануы анықталды", - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Осыған байланысты Қазақстан үкіметіне холдинг қызметінің тиімділігін арттыру, бөлінетін бюджет қаражатын және Қазақстан Ұлттық қоры қаражатын пайдалануды бақылау, оларды пайдалану бойынша шараларды әзірлеу және жүзеге асыру, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдау ұсынылды.
Есеп комитетінің хабарлауынша, холдингтің еншілес ұйымдарының санын қысқарту мақсатында "QazTech Ventures" АҚ және "Kazakhstan Project Preparation Fund" ЖШС активтері жеке қорлар ретінде "Қазына капитал менеджмент" АҚ-ға басқаруға берілді.
"Мемлекеттік мүлік тізімі" сайты арқылы бағаны көтеру тәсілімен өткізілген электрондық сауда қорытындысы бойынша "Қазақстан инвестиция қоры" АҚ акцияларының 100%-ін жеке инвестор сатып алды.