Фото: ЖИЦДМ
30 сәуір 23:00-де Байқоңыр ғарыш айлағынан "Cұңқар" ("Союз-5") зымыран-тасығышы сынақ барысында бірінші рет ұшырылды. Бұл туралы Қазақстан жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.
Бұған дейін "Сұңқардың" ұшырылуы 27 наурызға, одан кейін 4 сәуірге белгіленіп, бірақ кейінге шегерілген.
Ведомствоның мәліметінше, "Сұңқар" ұшу-конструкторлық сынақ аясында "Бәйтерек" ғарыш кешенінің 45-айлағынан ұшырылған. Министрлік зымыран сынағын "тарихи оқиға" деп атап, Қазақстанның ғарыш саласына атсалысуына жаңа мүмкіндіктер ашады деді.
"Сұңқар" ("Союз-5") деген қандай зымыран?
"Сұңқар" ("Союз-5") – Ресей мен Қазақстанның орташа ауыр екі сатылы зымыран. Ресейдің "Прогресс" кешенінде жасалған. Бұл зымыранды жасауды Ресей 2015 жылы бастаған. Алғашқы сынағы 2017 жылы өтуі керек еді, бірақ бірнеше рет кейінге қалған.
"Бәйтерек" деген қандай жоба?
2004 жылы Ресей және Қазақстан президенттері Байқоңырда "Бәйтерек" зымыран-ғарыш кешенін салу туралы келісімге қол қойды. Келісім бойынша, Астана Байқоңырдағы инфрақұрылымды жаңартып, ал Мәскеу коммерциялық мақсатта пайдалануға жарайтын зымыран дайындап шығаруы керек еді. Жобаның құны 223 млн доллар болады деп айтылды, кейін бұл сома жеті есе өсті.
