01 шіл, 2022 сағат 10:54

Байден: Украинаға қанша қажет болса, сонша көмек көрсетеміз


Вашингтон жақын күндері Украинаға 800 миллион доллардың қару-жарағын қосымша көмек ретінде беретінін жарияламақ, оның ішінде әуе шабуылынан қорғану жүйелері де бар. Бұл туралы АҚШ президенті Джо Байден Мадридте өткен НАТО саммитінің қорытындысы бойынша мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.

"Біз Украинаға қанша қажет болса, сонша көмек береміз" - деп бұған дейін айтқанын тағы қайталады Байден.

АҚШ президентінің сөзінше, Ресейге көрші елдің жеріне басып кіргені тым қымбатқа түседі, ал Украина бұл соғыста жеңілмейді.

Байден бұған қоса осы соғыстың Ресейге қалай әсер еткеніне назар аударды. Оның айтуынша, экономикадағы 15 жылғы жетістігі көзден бұл-бұл ұшқан Ресей, санкцияларға байланысты бірқатар технологиялардан айырылғандықтан, қазір мұнай өндіру ісінде қиындыққа тап болған.

"Украина қазірдің өзінде Ресейге қатты соққы берді – Ресей халықаралық беделінен айрылды. Ресей қазір күллі әлем оған қарап: "Бүкіл елді жаулап алам, Киевті басып алам деп дәмелендіңдер де, сөйтіп жеңілдіңдер. Донбассты басып алмақ болдыңдар, әлі күнге дейін одан түк шықпады" деп айтқан жағдайға тап болды" деді ол.

Байден Ресей президенті Владимир Путинге соғыс басталмай тұрып "егер Украинаға басып кіретін болсаң, НАТО күшейіп қана қоймай, бұрынғыдан да жұмыла түседі" деп ескерткенін айтты.

"Путин біздің альянсқа іріткі саламын деп ойлады. Ол бізді әлсіздік танытады, альянс сыр береді деген ойда болды. Ал іс жүзінде барлығы мүлде керісінше болып шықты. Ол НАТО-ны Финляндия сияқты [бейтарап] қыламын деп ойлады, ал шын мәнінде Финляндияның НАТО-ға бұрылғанын көріп отыр" деп мәлімдеді АҚШ президенті.

Бұға қоса ол Швеция мен Финляндия солтүстік-атлантикалық альянс қатарына қосылғаннан кейін НАТО шекарасы 800 мильге ұлғаятынын айтты.