06 сәу, 2018 сағат 09:54

Байбек Көкжиекте өртенген үйді жедел қалыпқа келтіруді тапсырды

Бауыржан Байбек 5 сәуір күні Көкжиек ықшам ауданында өртенген көппәтерлі үйді аз уақыт ішінде қайта қалыпқа келтіруді тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тиісті органдарға зардап шеккендердің дүние-мүліктерінің қолды болмауын қадағалауды тапсырды.

«Жетісу әкімдігі мен қала құтқару қызметінің күшімен №177 мектепте штаб құрылып, жатын орындар мен тамақ әзірленді», - делінген хабарламада.

Дәл қазір үйде электронэнергия, газ және коммуникация өшірілді. Полиция үйді қоршауға алды.

«Ертеңнен бастап ірі өрттің неден шыққанын анықтау үшін комиссиялық тергеу жүргізіледі. Өрт-техникалық сараптамадан кейін ғана үйді қалпына келтіру жұмыстары басталады», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Естеріңізге сала кетсек, 5 сәуір күні алты қабатты үйде ірі өрт болды. 300 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, жабық бөлмедегі екі адам құтқарылды. Өрттің аумағы 1 180 шаршы метрді құрады.