11 шіл, 2025 сағат 18:10

«Бауырына салу» фильмі Италиядағы халықаралық фестивальде бас жүлдеге ие болды

Фото: ҚР МАМ

Қазақстандық режиссер Асхат Кучинчерековтың «Бауырына салу» толықметражды картинасы Италияның Иския аралында өткен 23-ші Ischia Film Festival халықаралық кинофестивалінде «Үздік толықметражды фильм» аталымы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Ult.kz.

Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Бұған дейін де туынды халықаралық аренада жоғары бағаланып, Asia Pacific Screen Awards аясында «Ең үздік жастар фильмі» атанып, Baku International Film Festival-де бас жүлдені, ал Франциядағы Cinema Heritage Festival-де арнайы марапатты иеленген болатын. Сондай-ақ оператор Жанарбек Елеубек Asia World Film Festival-де «Үздік оператор» номинациясында топ жарды. Фильм Қазақстан тарапынан «Оскар-2025» сыйлығына «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша ресми ұсынылған.

Картинаның сюжеті қазақтың көне дәстүрлерінің бірі — бауырына салу салтына негізделген. Фильмде әжесінің тәрбиесінде өскен баланың оның өмірден өткеннен кейін ата-анасына қайта оралып, жаңа ортаға бейімделуі мен жатсыну сезімі суреттеледі.

2003 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Ischia Film Festival — Еуропадағы ең көркем әрі бірегей фестивальдердің бірі. Ол ортағасырлық Арагон сарайының аумағында өтеді және фильмдердегі көркем локациялар мен табиғи, мәдени кеңістіктердің рөліне ерекше назар аударады.