24 сәу, 2019 сағат 11:48

Батыс Қазақстанда радио тарату мәселесі шешіледі - Дәурен Абаев

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Nur Otan» партиясында қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облысынан бейнебайланыс арқылы хабарласқан Табылды Масатов Жаңақала ауданындағы Қызылоба ауылының мәселесін көтерді.

«Мен үлкен кісілердің атынан келіп отырмын. Біздің Қызылоба ауылымызда көзі мүлдем көрмейтін қариялар көп, көзі нашар көретін әжелеріміз бар. Солардың сұрауы бойынша «Қазақ радиосы» мәселесін көтергім келеді. Олар теледидар көре алмайды, жаңалық тыңдай алмайды. Қазақ радиосы жоқ. Осыны шешіп берсеңіз», - деді Т.Масатов. 

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, ондай мәселе басқа аймақтарда да бар. Оны Кеңес заманында да шеше алмаған. Бүгінде министрлік осы мәселе бойынша тиісті шараларды бастап кетті.

«Мәселен, былтыр біз Алматы мен Түркістан облыстарында радио тарату құрылғысын орнатып, осы проблеманы толығымен шештік. Енді сіз айтқаннан кейін Батыс Қазақстан облысын да қолға алатын боламыз. Осы бір-бір жарым жылдың ішінде аталған мәселені шешіп береміз деп ойлаймын», - деді Д.Абаев.