25 қаң, 2022 сағат 11:06

Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспарында қандай жобалар қамтылған?


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Батыс Қазақстан облысын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспары аясында атқарылатын жұмыстарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 116 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 416,1 млрд теңге, жергілікті бюжет – 117,8 млрд теңге, жеке инвестициялар – 2,1 трлн теңге. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында индустриялық аймақ құру, құю өндірісін, мұнайды терең өңдеу зауытын және цемент зауытын салу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласында 2 жылыжай, 25 бордақылау алаңын, 10 сүт-тауар фермасын салу, 4 шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру, суармалы жерлер алаңын 6,6 мың гектардан 50 мың гектарға дейін қалпына келтіру әрі кеңейту, Киров су қоймасын реконструкциялау көзделген», - деді Ә. Қуантыров. 

Оның айтуынша, Орал қаласында 1211 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 46,2 шақырым жылумен жабдықтау желілерін және 2051 шақырым электр желілерін салу әрі реконструкциялау, 29,7 шақырым «Ростоши-Тайпақ» газ құбырын реконструкциялау, сондай-ақ автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жоспарлануда. 

Бұдан басқа, 1842 шақырым автожолға жөндеу және қайта жаңарту, Орал қаласының халықаралық әуежайын жаңғырту жүргізіледі. 

«Сондай-ақ, емхана, кардиологиялық орталық, 74 мектеп, студенттерге арналған 650 орындық жатақхана және 150 орындық оңалту орталығы салынады. Азаматтық қорғауды қамтамасыз ету үшін 3 өрт сөндіру депосының құрылысы, Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары көзделген. Батыс Қазақстан облысының кешенді жоспарын іске асыру нәтижесінде, 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 55%-ға және ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 56%-ға өседі, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу деңгейі 100%-ға жетеді, ал электр желілерінің тозуы 80%-дан 50%-ға дейін азаяды», - деді министр.