01 ақп, 2022 сағат 17:58

Басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалаймын – Президент


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресте басымдық беру қажет салаларды атады, сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жұмысы жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағаланатынын жеткізді.

Бұл туралы Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

"Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырды. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

Тоқаев мемлекет белгілейтін бағаларды реттеу кезіндегі жемқорлықты түбегейлі жою мәселесіне де ерекше назар аударды.

"Тиісті уәкілетті органдар бағаны белгілеген кезде оның қаншалықты негізді екенін мұқият қарауы керек. Мұның астарында экономикалық себептен бөлек, біреудің жымысқы әрекеті жатқан жоқ па деген сауал туындайды. Мысалы, отандық өнім өндірушілер теміржол саласын жемқорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданады. Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апаратын теміржолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақының көлеміне байланысты наразылық білдіруде. Осыған орай, бір уақытта бірнеше өңірден – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарынан арыз түскен. Монополист компаниялар бағаны өз бетімен еселеп өсірген", - деді Мемлекет басшысы.

Айтуынша, осындай әрекеттер халық тұтынатын тауарлардың бағасына бірден әсер етеді.