12 қаз, 2023 сағат 20:37

Баспана кезегін қалай тазартады – министр жауап берді

© Photo: Жетісу облысы әкімдігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспана кезегінен 200 мыңнан астам адамды шығару мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде баспана кезегінде тұрған адамдардың саны 647 мыңнан асып отыр. Бірақ олардың арасында заң талаптарына сай келмейтін азаматтар да аз емес. 232 мың адамда соңғы бес жылда үйі болған немесе тіркеу орны тұратын аймақпен сәйкес келмейді. Базада қайтыс болған адамдар да тіркелген.

Министрдің айтуынша, ондай адамдар баспанаға мұқтаж емес, бірақ біреудің кезегін ұстап отыр.

"Баспана кезегін тазартудың негізгі мақсаты – адамдарға үйді тезірек алуға көмектесу. Ол – бір. Екіншіден, мемлекеттік қолдау шаралары көмекке шынымен де мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Әйтпесе, бізде кейбір адамдар баспана кезегіне бірнеше рет тұрады, үйді де бірнеше рет алады. Себебі әрбір бес жыл сайын баспана кезегіне тұруға рұқсат болған. Біз бұның барлығын ретке келтіруге тырысамыз", - деді Шарлапаев бүгінгі брифингте.

Министрдің сөзіне қарағанда, 200 мыңнан астам адамды бірден баспана кезегінен шығарып жібермейді. Әрбіреуін жеке-жеке тексереді. Осыдан кейін баспана адамның кезекке тұрған жылына қарай берілуі керек.

"Мысалы, біреулер 2010 жылы баспана кезегіне тұрса, олардың барлығы үй алуы керек. Содан кейін ғана 2011 жылы кезекке тұрғандарға таратуға болады", - деп атап көрсетті Шарлапаев.

Баспана кезегінде заң талаптарына сай келмейтін адамдар:

• 96,1 мың адамда соңғы бес жылда үй болған;

• 533 адам Қазақстан азаматы емес;

• 91,4 мың адамның тіркеу орны кезекке тұрған аймақпен сәйкес келмейді;

• 29 мың адамда тіркеу жоқ;

• 15,6 мың адам базада қайтыс болғандар болып тіркелген.