29 қыр, 2021 сағат 14:50

Баспана бағасына құрылыс көлемінің артуы да ықпал етті – министрлік


Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев баспана баспана бағасының өсімін тежеу үшін не істеп жатқандарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр елімізде 15,5 млн шаршы метр баспана салынса, биыл 17,5 шаршы метр салынып жатыр. Бұл жерде мемлекет халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін бәрін жасап жатыр деуге болады. Құрылыс көлемі 2,5 млн шаршы метрге артқандықтан, құрылыс материалына деген сұраныс артты. Осының салдарына баға өсіп жатыр», - деген министрлік өкілі жыл басынан бері цемент пен арматура бағасын түсіру үшін қабылданған шараларға тоқталды.

«Қазақстанда цемент шығаратын 15 кәсіпорын бар. Олардың қуаты 16 млн тонна. Былтыр 9 млн тонна шығардық. Үшінші елдерден келетін цемент импортына тыйым салдық. Бірақ баға өскен кезде ең әуелі 15 кәсіпорынды шақырып, келіссөз жасадық. Сонда көптеген зауыттардың бағаны өзгертпегенін айтты. Ал нарықта цемент бағасы 21 мың теңгеден 36 мыңға дейін өскен. Яғни ортадағы сатушылар бағаны көтерген», - деді Марат Қарабаев.

Оның айтуынша, екі ортада бағаны өсірген сатушыларды Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігінің мамандары сабасына түсірген екен. Ал арматура бағасын түсіру үшін оны автокөлікпен елден сыртқа әкетуге тыйым салыныпты.

«Арматура бағасы әлем нарығында екі есе қымбаттады. Өйткені Лондон биржасында болаттың бағасы 2 есе өскен. Елдегі арматура шығаратын кәсіпорындар 1,9 млн тонна арматура шығарады. Былтыр ішкі нарықта 1,2 млн тонна арматура қажет болды. Бірақ өндіріс көлемі 755 мың тоннаны ғана құрады. Соның өзімізге 550 мың тоннасы қалды. Қалғаны Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты елдере экспортталды. Арматура бағасын реттеу үшін қара метал сынығын автомобильмен шығаруға толық тыйым салынды. Соның арқасында арматураның бір тоннасы 400 мың теңгеден, қайта 340 мың теңгеге дейін түсірілді», - деді вице-министр.