Бас прокуратура 18 маусымда "Бәсе" YouTube-арнасының авторына жасалған қастандыққа қатысты күдіктілердің бірі ұсталғанын мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше Украинаның құқық қорғау органдары қысқа мерзімде осы қастандық ұйымдастырды деген күдіктілерді анықтаған.
"Бас прокуратура Украинаның құзіретті органдарына Жаканбаев пен Каратаевтың жасалған қылмысқа қатыстылығы туралы қылмыстық істің материалдарын беру туралы халықаралық тергеу тапсырмасын жолдады. 21 маусымда А.М. Жаканбаев Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынды. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды", – делінген хабарламада.
Ал қастандыққа қатысты екінші күдікті М. Каратаев әлі іздестіріліп жатыр. Бас прокуратура тергеу мүддесіне қарай істің мән-жайын жария етпеді.
Еске салайық, 18 маусымда Украинада оппозиционер Айдос Садықты атып кеткені туралы хабарлаған едік.
Strana.ua басылымы Киевте белгісіз біреу белгілі қазақстандық белсенді Айдос Садықовқа оқ атты деп, құқық қорғау органдарындағы дереккөзді келтірді. Қастандық түс ауа Киевтің Шевченков ауданында болған. Садықов әйелі екеуі көлікке жақындаған кезде белгісіз біреу оқ атқан.
Кейін Айдос Садықтың жұбайы Наталья Садықова Айдос Садықты өлтірмек болған қылмыскерлерді анықтағанын мәлімдеген.