18 қар, 2022 сағат 14:53

Бас санитар дәрігер сайлауға бетпердемен баруға кеңес берді

© Sputnik / Владислав Воднев

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова сайлауға бетперде киіп баруға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, барлық өңір коронавирус бойынша "жасыл" аймаққа кіреді. Республикада күн сайын вирус жұқтырған 70 адам тіркеледі. Ал жіті респираторлық вирустар мен тұмау күшейіп келеді.

Осы уақытқа дейін мыңнан астам адамның тұмау жұқтырғаны зертханалық талдаумен дәлелденсе, бір миллионнан астам адам респираторлық инфекция жұқтырған. Олардың арасында балалар да аз емес.

"Қазір коронавирус бойынша жағдай тұрақты, бірақ біз респираторлық инфекциялар мен тұмау маусымы аяқталған жоқ. Вирусты жұқтыру жолдары бірдей. Одан қорғану шаралары да ұқсас. Қазір бетпердені киюге міндет жоқ. Бірақ әрбіреуіміз тұмаудың ерте басталғанын ескеріп, сақтық шараларын ұмытпауымыз керек. Демек, кез келген сайлаушы бетперде киіп, дауыс бере алады", - деді Есмағамбетова орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Санитарлық департамент сайлау комиссияларына да бетперде киюге кеңес берді. Себебі учаске арқылы көп адам өтеді, вирусты жұқтыру қаупі жоғары.