ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова әлеуметтік желіде ауаға белгісіз газдың таралуына қатысты жарияланып жүрген қауесетке сенбеуге шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осы мәселеге қатысты сұрақ қойылды.
«Түнде ауаға белгісіз газды шашу жағдайы болып жатқандығы туралы тұрғындар арасында хабарлама таралуда. Осы орайда түнде үйдің терезелерін жабу, балаларды далаға шығармау керектігі айтылып жатыр. Осы ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?», - делінген қойылған сауалда.
Өз кезегінде Айжан Есмағамбетова бұл қауесет шындыққа сай еместігін жеткізді.
«Қандай да бір қоспаларды ауаға шашуға байланысты ақпарат дұрыс емес әрі шындыққа жанаспайды. Бұл тұрғыда тек тексерілген ақпаратты, сондай-ақ ресми ақпарат көздерінен алуды сұраймын», - деді Бас мемлекеттік санитар дәрігер.