02 там, 2019 сағат 00:55

Бас прокуратура қауіпсіздік сертификатының мақсатын түсіндірді

Соңғы уақытта дербес құрылғыларда қауіпсіздік сертификатын пайдалану тәртібі туралы ақпарат белсенді таралуда, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Цифрлық даму, сондай-ақ ақпарат және қоғамдық даму министрліктері уәкілетті мемлекеттік органдар ретінде аталған сертификаттың нысаналы мақсатын түсіндірді.

Оның ең алдымен құқыққа қайшы контенттен (терроризмге, экстремизмге, суицидке шақыру, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, порнографияны насихаттау және т.б.) қорғау екеніне назар аударылды.

Бұдан басқа, сертификаттың электрондық құрылғыларды «бұзудан», кибершабуылдар мен вирустардан қорғайтыны аталып өтілді.

Сонымен қатар, қоғамда оны орнату қажеттілігі, жүргізілуі мүмкін «аңдулар» және т.б. туралы пікірталастар тыйылмай отыр.

«Бас прокуратура жеке өмірге қолсұғылмаушылыққа, жеке басы мен отбасы құпиясына, хат алмасуға, телефон арқылы сөйлесуге, хабарларға конституциялық құқықтардың сақталатынына мемлекет кепілдік беретініне назар аударады. Оларды бұзу қылмыстық жауапкершілікке дейінгі жауаптылыққа алып келеді», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру немесе телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу үшін қылмыстық жауаптылық болады және бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген (Қылмыстық кодекстің 147-бабының 3-бөлігі).

ҚК 148-бабында хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзғаны үшін жауаптылық белгіленген.

Прокуратура органдары қадағалау қызметі шеңберінде басқа мемлекеттік органдармен бірге мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлілерге тиісті шаралар қабылдайтын болады.