ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтарда полициядан ұрланған қару жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, биыл қаңтарда құқық қорғау органдары ғимараттарынан 1 259 табельдік қару ұрланған, оның ішінде автоматтар мен тапаншалар бар.
«Атап айтқанда, Алматы облысында Полиция департаменті ғимаратынан 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатомет, сондай-ақ 20 мыңнан астам патрон ұрланды», - деді Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Оның сөзіне қарағанда, Жамбыл облысында 200 автомат, 148 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық патрон ұрланған.
«Резиденцияда ойран салудан кейін 130 қару мен оқ-дәрінің жетіспейтіні анықталды. Оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатомет және снайпер мылтығы бар. Аталған қаруды кейіннен қылмыскерлер бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы қолданды», - деді Бас прокуратура өкілі.