24 шіл, 2020 сағат 13:15

Бас мүфти Шорнақ пен Сәтбаевтағы жағдайға қатысты пікір білдірді

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сәтбаев қаласындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кеше ғана қабырғамызды қайыстыратын, жанымызға бататын жағдайлар жөнінде естіп қалдық. Осы тұста, құрметті халайық, біз барынша сабырлық танытайық. Біз – құқықтық мемлекетпіз. Қылмыскерлер міндетті түрде жазасын заң аясында алатын болады. Тек бұл кезде тәртіп сақтамай, байқамай кішкентай жағдайды үлкенге айналдырып алмайық, құрметті ағайын. Осы тұста құқық қорғау органдарына осы мәселені ашық қарап, халыққа шынайы ақпарат берсе деген үміттеміз. Алла баршамыздың тілегімізді қабыл етсін», - деді Бас мүфти Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Еске сала кетсек, бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтбаевтағы бес жасар қыз баланың жоғалуына қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берген болатын.

«23 шілде күні кешкі сағат 9-да Сәтбаев қаласының ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолына беруді талап етті, жанжал шығарды», - деді Ерлан Тұрғымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, бүгін Президент Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді.