Қазақстанда кейінгі күндері коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны неліктен көбейіп кетті? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бізде коронавирус жұқтыру бойынша өсім Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында байқалады. Әлбетте бір тәулікте 140 адамға дейін тіркелу жағдайы халықтың үрейін ұшырып отыр. Әйтсе де эпидемия сипатының өзі осындай екенін ескеру керек. Ал басқа мемлекеттерде вирус жұқтырғандардың бір күнде мыңдап тіркеліп жатқанын да көріп отырмыз. Бәрі де эпидемияның сатысына байланысты. Әлбетте адамдардың көптеп тіркелуіне маңыз беру керек десек те, эпидемиологиялық көзқарас тұрғысынан қарар болсақ, дүйсенбіде 1711 жағдай болса, ештеңе істемеген жағдайда осы адамдардың әрбірі үш адамнан жұқтырып, бір ғана күнде жұқтырғандардың саны 5 мыңнан асып кетер еді. 5 мың адам тағы бір тәулік қаралмай қалса, науқас саны 15 мыңнан асып түсер еді», - деді Елжан Біртанов Тенгриньюс Instagram парақшасының тікелей эфирінде.
Министрдің айтуына қарағанда, аурулардың өсім қарқыны эпидемияның шынайы көрінісінен хабар беріп отырады.
«Бізде қазір өсім қарқыны 8 пайыздық деңгейде. Әлбетте бұл көрсеткішке қарасақ, науқастар азайып келе жатыр деп мүлде айта алмаймыз. Біздің мақсат – 5 пайыздан төмен, оның артынша 1 пайыздан төмен көрсеткішке дейін азайту. Сол кезде ғана эпидемияның шынымен бәсеңдегені туралы айта аламыз. Яғни жаңадан анықталған науқастардың саны жазылғандардан аз болуы керек. Міне, біздің міндет - осы», - деді ол.